22-24 қараша күндері Жапонияның Осака қаласында дзюдодан Grand Slam жарысының кезекті кезеңі өтеді. Күншығыс елінде Қазақстан намысын 10 дзюдошы қорғайды.
Осака татамиінде ерлер арасында Рустам Ибраев (60 кг), Жансай Смағұлов, Жанболат Бағытбергенов (73 кг), Руслан Мұсаев (81 кг), Ерсұлтан Мұзаппаров (90 кг), Айбек Серікбаев (100 кг), Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) белдеседі. Ал қыздар арасында Отгонцэцэг Галбадрах (48 кг), Севара Нышанбаева (57 кг), Зарина Райфова (78 кг) сынға түседі.
Халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес, Grand Slam жарысында жеңімпаз атанған спортшыға әлемдік рейтингте 1000 ұпай қосылса, екінші орынға – 700, үшінші орыннан көрінген дзюдошы 500 ұпайға ие болады.