Жыл басынан бері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының кірісі 268 млрд теңгені құрап, былтыр жыл бойы қол жеткізген кірістен асып түсті. 268 млрд теңгенің 190 млрд-ы, яғни 70 пайызы ел қазынасына аударылды. Таяуда қорды басқару жөніндегі кеңестің Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен отырысында осындай дерек ортаға салынған болатын.
Актив көлемі 1,7 трлн теңгеге ұлғайды
Жалпы, «Самұрық-Қазынаға» қарайтын компаниялар тобы мемлекетке осы жылдың 9 айында 813 млрд теңге салық төледі. Бұл мемлекет қазынасына түсетін барлық салық төлемдерінің 10 пайызына тең қаржы. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қор жұмысын жандандыруға бағытталған ауқымды шаралар қабылданды. Былтыр сәуір айында Елбасы «Самұрық-Қазына» қорының 2018-2028 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясын мақұлдаған болатын. Н.Назарбаев негізгі мақсаттар мен мандаттардың бірі ретінде портфельдік компанияларды тиімді басқаруды және олардың жұмыс нәтижелерінің көрсеткішін әлемдік компаниялардың көрсеткіштерімен теңестіру міндетін жүктеген еді. Аталған құжатта компаниялардың тиімділігін арттыру, портфельді басқару және тұрақты дамуды қамтамасыз етудің басым бағыттарына назар аударылған.
Қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов компаниялар басшыларымен өткен кеңесте 2019 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компаниялар тобы жоспарлы қаржылық көрсеткіштерді асыра орындағаны туралы баяндады. Сатудан түскен кірістің өсу қарқыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ды құрағанын жеткізді.
– Операциялық пайда (NOPLAT) өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда есептік кезеңде 9,6 пайызға өсті. Осындай таза табыс 39,5 пайызға артып, 1158 млрд теңгені құрады, – деді А.Есімов.
Белгілі болғандай, биыл Үкіметке қор тарапынан төленген дивидент көлемі 190 млрд теңгені құрап, 2 есеге артқан. Сатудан түскен табыс 13 пайызға өсіп, 5,2 трлн-нан астам теңгеге жетті. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша таза табыс – 1 трлн теңге. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 320 млрд теңгеге немесе 39 пайызға артық. Нәтижесінде сыртқы қарыз 4,8 млрд АҚШ долларына қысқарды. Атқарылып жатқан кешенді жұмыстар нәтижесінде 2018 жылдан бастап және ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қор активтерінің көлемі 1,7 трлн теңгеге ұлғайды, бүгінде оның жалпы көлемі 26 трлн теңгені құрайды. Трансформация бағдарламасының нәтижелері бойынша 60 млрд теңге сомаға болжанған шығыстар оңтайландырылды.
Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде 161 активтің 138-і немесе 85 пайызы шығарылды. Оның ішінде, 186 млрд теңгеге 87 актив сатылып, 51 активтің ішінде біразы мүлде жойылды немесе қайта ұйымдастырылды. Жұмыс істеп тұрған актив саны – 20. 2018 жылдың қарашасында және ағымдағы жылдың қыркүйегінде «Қазатомөнеркәсіптің» 218 млрд теңгеге 18,8 пайыз акциясы сатылып, түскен барлық қаражат елдің Ұлттық қорына жіберілді.
Бұған дейін қор басшысы А.Есімов сатып алу жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасатыны туралы айтқан болатын.
– Сатып алу жүйесін жетілдіру арқылы өткен жылы біз 121 млрд теңге үнемдедік. Биыл тағы 153 млрд теңге үнемдеу жоспарланып отыр, – деген А.Есімов бір көзден сатып алу көлемі 1,5 есеге қысқарғанын, тендерлер көлемі 4 есеге артқанын айтты. Биыл кәсіпкерлер үшін бәсекелестік ортаға 600 млрд теңгеден астам қаржының сатып алу тапсырыстары берілген.
Бұдан бөлек, биыл қор тарапынан Түркістан қаласының нысандарын салуға 32 млрд теңге және Арыс қаласының барлық әлеуметтік нысандарын қалпына келтіруге 7 млрд теңге бөлінгенін атап өткен ләзім.
170 актив бәсекелес ортаға шығарылады
«Самұрық-Қазына» АҚ аса зор мемлекеттік активтердің операторы ретінде жекешелендіру үдерісіне белсенді түрде қатысуда. Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында қор 170 активті бәсекелестік ортаға шығаруға тиіс. Сонымен қатар 9 активті IPO-ға шығару немесе стратегиялық серіктестерге сату жоспарланып отыр. Оның ішінде «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» АҚ, «Qazaq Air» АҚ және басқалары бар.
Үкімет бекіткен ауқымды жекешелендіру бағдарламасын «Самұрық-Қазына» қоры белсенді жүзеге асырып жатқанын айта кеткен жөн. Бұған дейін Yellow Pages қағидаларына сәйкес 89 кәсіпорын бәсекелестік ортаға беріліп, одан 192 миллиард теңге көлемінде табыс түсті. Қор басшысы А.Есімов айтқандай, жекешелендірудің міндеті – елдің Ұлттық қорын толықтыру, корпоративтік басқарудың озық тәжірибесін енгізу, сондай-ақ ашықтық пен есеп берудің әлемдік стандарттарын қамтамасыз ету.
А.Есімов былтырғы қараша айында IPO аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ уран компаниясының 15 пайыз акциясы орналасқаны туралы хабарлаған еді. Инвестор Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қоржынына 150 млн доллар сомаға компанияның бағалы қағаздарын сатып алды. Бүгінгі таңда осы мәміле аясында БЖЗҚ табысы 21 млрд теңгеге жетті.
– Қордың Энергетика, телекоммуникация және инфрақұрылым саласындағы сегіз ұлттық компаниясын IPO-ға шығару жоспарланып отыр. Зейнетақы қорының табысы 21 миллиард теңгені, ал Ұлттық қорға түсетін түсім 168 миллиард теңгені құрады, – деді А.Есімов.
Оның айтуынша, әлемдегі жетекші уран өндіруші «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның нарықтық құны 3 млрд-тан 4 млрд-қа өскен. Ұлттық компания дайын өнімді шығаруға бағытталған атом электр стансаларына жылу бөлетін құрастырмалар өндіретін жобаны іске асыруда. Бұл жобаның инвестициялық құны – 30 млрд теңге.
Жүйелі жұмыс жүргізілуі керек
Таяуда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өткені белгілі. Осы жиында Елбасы қор басшылығының жүйелі мәселелерді шешіп, өндірістік көрсеткіштер мен индикаторлардың оң динамикасына қол жеткізгенін атап өтті. Оның ішінде бірлескен кәсіпорындардағы мемлекеттік үлестерді тиімді басқаруды қамтамасыз етудің маңыздылығын, мұнай-газ және химия өнеркәсібі салаларындағы тиімсіз учаскелердегі өндірісті ынталандырудың жаңа тетіктерін енгізуде Үкімет қолдау көрсету керек екенін, қордың аясындағы компанияларды IPO-ға шығару мен сатып алулардың тиімділігін қамтамасыз ету мәселелерін, қор компанияларының қаржылық жағдайын жақсартуға және жекешелендіру жоспарын одан әрі іске асыруға бағытталған ұсыныстарды қарастырудың маңызын атап өтті.
– «Самұрық-Қазына» – ұлттық әл-ауқат қоры. Сондықтан біз Басқару кеңесі мен Директорлар кеңесі ретінде тұрғындар мен бизнес өкілдері тарапынан Қор қызметіне деген сенімді арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуіміз қажет. Азаматтар мұның бәрі Қазақстанға және біздің халқымызға тиесілі екенін түсінуі керек, – деген-ді Елбасы. Тұңғыш Президент экономиканың жандануына негіз болуға тиіс қордың жүйелі жұмыс істейтініне сенім білдіріп отыр.