• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қараша, 2019

Мәлік өнегесі – мәңгілік

512 рет
көрсетілді

Кеңес Одағының Батыры, академик, ғалым Мәлік Ғабдуллиннің туған күніне орай батыр рухына тағзым ету мақсатында Көкшетау қаласының орталық саябағындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі болып өтті.

Көкшенің зиялы қауымы батыр Мәліктің ескерткіші жанында отты жылдары Отан үшін от кешкен аза­маттың ел есінде жүрер ерен ерлігі, азаматтық тұл­ғасы, кісілік келбеті туралы тебірене еске алды. Батырдың өнегесі кейінгі ұрпақ үшін мәңгі өшпес үлгі. Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл ер Мәліктің ғибратты ғұмыры туралы тереңнен толғай айта келіп, кейінгі толқын алдыңғы ағалардың өнегесін жас жү­ректерімен ұғып, ұқсап ба­ғуға тырысу керектігін ле­бізінің өзегіне айналдырды.

Көкшетау техникалық институтының басшысы Сырым Шәріпханов өт­кен жылдан бастап Мәлік Ғабдуллиннің батырлық жолына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыру жұмыстары қолға алынып, бүгінгі таңда бұл игі шара жақсы үрдіске айналғандығын айтып өтті.  

Батыр ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен кейін Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрын­да Көкшетау қала­сындағы Мәлік Ғабдул­лин музейі мен Көкшетау тех­никалық институтының ұжымы ұйымдастырған «Ғалым Мәлік Ғабдуллин және жаңа қазақстандық патриотизм» тақырыбында ІІ республикалық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Конференция жұ­мысында сан қырлы талант иесінің елге сіңірген елеулі еңбегі жан-жақты сараланды. Ерлікпен бірге әдебиет саласындағы мол табысы туралы ғалымдар мен қаламгерлер жан-жақты талдап, тәлімін ұқтырды. Сырым Шәріпханов жас­тарға ерлігі мәнді мысал болуы үшін Көкшетау тех­никалық институтына батыр­дың аты берілсе деген ұсынысын ортаға салды. Зиялы қауым бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, ақжарылқап күн тезірек туса екен деген ізгі ниеттерін жеткізді.

КӨКШЕТАУ