Кеше Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы шеңберінде бюджеттің IV деңгейін енгізу нәтижесі талқыланды.
Отырыстың басында сөз алған Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко мемлекеттік басқарудың жетістігі ұйымдарды қолдауда екенін айта келе, осы бағдарламаның орындалуына тоқталды.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары 2013 жылы Парламентте жергілікті өзін өзі басқаруға қатысты заң қабылданғанын атап өтті. Ал 2014 жылы аталған заңға сәйкес жергілікті ұйымдардың құзырына жеке, табыс, мүлік пен көлік салығы берілгенін хабарлады. В.Божконың айтуынша мұндай шаралар ауыл тұрғындарына жергілікті деңгейдегі мәселелерді шешуде олардың пікірінің маңызды екенін түсінуге мүмкіндік бермек. Нәтижесінде облыстық және аудандық әкімдіктер мен қаржы саласының мамандары ауыл әкімдігінің қызметкерлеріне арнайы дәрістер өткізген.
Төрт деңгейлі бюджет жүйесі енгізілді
Одан әрі депутаттар алдында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бұл тақырыпқа кеңінен тоқталып, мәлімдеме жасады. Оның айтуынша өзін өзі басқарудың негізгі элементі – дербес бюджет. «Жергілікті өзін өзі басқару бюджетін құрудың негізгі мақсаты – мәселелерді шешуде өзін өзі басқару органдарының дербестігін арттыру. Бұл ретте қоғамдастықтың жиналыстары мен жиындары арқылы нақты аумақ тұрғындарының мүдделері ескеріледі», деді министр.
Министрдің айтуына қарағанда, Ұлт жоспарының 98-қадамын орындау үшін аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде дербес бюджет енгізілген.
– Бұрын бюджеттік жүйе үш деңгейде қарастырылатын. Яғни, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеті және аудандық бюджет қана болды. Ауылдық округтер сәйкесінше аудандық бюджеттен қаржыландырылатын. Енді 2018 жылдан бастап жаңа бюджеттің IV деңгейі енгізілді. Бұл – аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеті. Яғни, бюджет жүйесі төрт деңгейлі болды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттің IV деңгейі халық саны 2 мыңнан асатын 1055 ауылдық округте енгізілді. Бұл барлық ауылдық округтің 44%-ын құрайды. 2020 жылдан бастап қалған 1 338 ауылдық округке де енгізілу жоспарланған, – деді Р.Дәленов.
Сонымен қатар Ұлттық экономика министрі жергілікті өзін өзі басқару бюджетін қалыптастыру үшін, ең алдымен кірістерді қалыптастыру, шығыстарды бөлу, сондай-ақ коммуналдық меншікті басқару керектігін еске салды.
Орташа бюджет – 122,4 млн теңге
Реформаның басты ерекшелігі – жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге тұрғындардың қатысуын кеңейту. Жергілікті өзін өзі басқару бюджетін енгізгенге дейін шығыстардың негізгі бөлігі аудандық бюджетпен анықталған. Яғни, дербестік болмаған. Бюджетті енгізгеннен кейін қазынашылық шот пайда болмақ. Жергілікті салықтар мен трансферттер ауданның бюджетінен жергілікті өзін өзі басқару бюджетіне тікелей түседі. Осылайша, шығыстардың негізін қалыптастырады.
Министрдің айтуынша, салықтарды тікелей өз бюджетіне есептеу кіріс бөлігінің ұлғаю факторы болған. «Шығыстар мен басымдықтар енді міндетті түрде халық тарапынан талқыланады. Бұл халықтың жиыны сайлайтын жергілікті қоғамдастықтың жиналысы арқылы жүзеге асырылады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша ауылдық округтердің жалпы табысы 129,2 млрд теңгені құрады. Бұл ретте төрттен бірі немесе 32,2 млрд теңге – ауылдардың өз табысы. Бір ауылдық округтің орташа бюджеті – 122,4 млн теңге. Бюджет көлемі 1 млрд теңгеден асатын округтер де бар», деді Р.Дәленов.
2019 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жергілікті өзін өзі басқару бойынша кіріс көлемі 23,5 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылғы нәтижемен салыстырғанда 15%-ға (3,1 млрд теңге) артық. Дегенмен министр табыстың өсуінің нәтижесінде шығыстың да көлемі өскенін мәлімдеді. «2018 жылы шығыстар 125 млрд теңгені, 2019 жылы 162 млрд теңгені құрады, яғни шығыстар 30%-ға (37 млрд теңге) ұлғайған», деді Р.Дәленов. Осы орайда 2018 жылы шығыстардың негізгі үлесі мектепке дейінгі білім беруге, әкімшілік шығыстарға және абаттандыруға жұмсалғаны мәлім болды. Абаттандыруға жұмсалатын шығыстар 56%-ға (9,57 млрд теңге), ал мектепке дейінгі білім беруге жұмсалған қаржы көлемі 27%-ға (15,0 млрд теңге) өскен.
Ауылдық округтер мамандарға мұқтаж
– Бюджеті бар 1055 ауылдық округтің штат саны 8 173 бірлікті құрайды. Сондай-ақ 460 бос орын бары анықталды. Бұл ретте ауылдық округтердің үштен бір бөлігі (31%) заңгерлерге, ал 4%-ы бухгалтерлерге мұқтаж. Жалпы, ауылдық округтер үшін бекітілген лимит шегінде кадрлармен қамтамасыз ету жаман емес. Орта есеппен ауылдық әкімдер аппараттарының штат саны 5-тен 10-ға дейінгі бірлікті құрайды. Қазіргі уақытта олардың санын арттыру үшін халықтың жүктемесі мен санын ескере отырып, өңірлердің ішінде штат бірліктерін қайта бөлу жолымен облыс әкімдерімен жұмыс жүргізілуде, – деді Р.Дәленов. Сондай-ақ ол бюджетпен жұмыс істеу үшін әкім аппараттарына сапалы интернет қажет екенін де атап өтті.
Баяндама соңында Ұлттық экономика министрі жаңа ұсыныстардың дайындалып жатқан заң жобасында қарастырылатынын айта келе, «Жалпы, осы заң жобасы аудандық, қалалық және ауылдық деңгейдегі биліктің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейтуге бағытталады. Жергілікті өзін өзі басқару бюджетін енгізу ауылдық округтердің қаржылық негізін нығайтуға, бюджеттің қаражатын халықтың мүддесіне сай тиімді бөлуге, ауылдық жерлердегі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», деп сөзін түйіндеді.
Халықтың бюджеттен хабары болуы тиіс
Ал Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Н.Сабильянов бюджеттің жаңа деңгейін енгізу бойынша жекелеген мәселелерге тоқталып өтті. Оның айтуынша кейбір әкімдердің аппараты мен мәслихаттар бюджет жобасын жергілікті тұрғындарды тартпай-ақ қарайды екен. «Халық бюджеттің қалай қалыптасатынын және қандай жергілікті мәселелерді шешуге жұмсалатынын білуі тиіс. Мәселен, жергілікті өзін өзі басқару органдарының қаржылай дербестігін арттыру үшін бюджеттің IV деңгейіне кезең-кезеңімен салық пен төлемдердің 7 түрі берілді, ал шығыстар 19 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бюджетті сапасыз жоспарлау ауылдық елді мекендердің дамуына теріс әсерін тигізеді. Сондықтан әкімдіктер бюджет жобасын және жергілікті маңызы бар мәселелерді қарау кезінде жергілікті қоғамдастықтарды тарта отырып, бюджетті сапалы жоспарлау қажет. Жергілікті өзін өзі басқарудың өз кірістерін ұлғайту үшін кәсіпкерлік субъектілерге жағдай жасап, жеңілдетілген кредит және субсидиялар беру арқылы мемлекеттік қолдау көрсету керек», деді комитет төрағасы.
Бюджет жұмысына интернет қажет
– Өңірлердің ақпараты бойынша халық саны 2 мыңнан асатын ауыл, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттарында байланыс арналары бойынша өткізу қабілеті 512 Кбит/с-тен кем емес интернет орнатылған. Бірақ интернеттің бұл жылдамдығы ауылдық округтердің бюджетіне қызмет көрсету үшін жеткіліксіз. Сонымен қатар өңірлердің ақпаратына сәйкес 934 ауылдық округте жоғары жылдамдықты интернет жоқ. Кейбір ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары тіпті интернетпен қамтамасыз етілмеген. Мысалы, Павлодар облысында 21 ауылдық округ әкімінің аппаратында интернет жоқ. Ал Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының 6 ауылдық округінде интернет қосылмаған. Осыған байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, бюджет қаражатын қарастырып, барлық ауылдық округтің аппараттарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауы қажет, – деді Нұртай Сабильянов. Сонымен бірге бюджеттің IV деңгейін одан әрі сапалы жаппай енгізу үшін қажетті жағдайлар жасап, елді мекендердің жергілікті проблемаларын шешу бойынша қажетті шаралар қабылдау керектігін айтып өтті.
Жиын соңында мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысынан хабардар болған Мәжіліс депутаттары аталған саладағы мәселелердің өзекті екенін айтып, сұрақтарын қойды. Жауапты мекемелердің өкілдері Мәжіліс депутаттарының сауалдарына жауап беріп, қосымша деректер келтірді.