• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2013

Қазанат – қазақ қанаты

675 рет
көрсетілді

 Ұлттық ат спорты федерациясы мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі, Ұлттық ат спорты федерациясының президенті, қауымдастықтың бас кеңесшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек ТҮГЕЛМЕН әңгіме.

– Сәке, сіз, ұлттық құндылықтары­мыз­ды ұлықтап, ұлттық ат спор­тының ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген азамат ретінде осы сұхбатыңызда ұлттық спорттың тарихын, Ұлттық ат спорты федерация­сы мен қауымдастықтың құрылуын, жеткен жетістіктерін, проблемаларын, кешегісі мен бүгінгісін және ертеңін жіпке тізгендей айтып берсеңіз бүкіл газет оқырмандары үшін де түсінікті болар еді деп ойлаймын. Айтыңызшы, сіз ұлттық спортпен қа­шан­нан бері шұғылданып келесіз? Қа­р­а­­­жаты мүлдем жоқ ұлттық спортты ұйым­дастыру, басшылық жасау оңай шаруа емес екені белгілі. Сізді кім қолдайды және күш-қуатты қайдан аласыз?

– Жалпы, ұлттық құндылықтармен шұғылдануды маған Алла тағала маңдайыма жазған деп ойлаймын. Ұлы Дала ойындарымен бала жастан айналысып келемін. 7 жасымнан бастап бәйгеге қатыстым, бертін келе ат баптаумен, ұлттық ат ойындарын ұйымдастырумен белсене айналыстым. Содан бері, жылқы шаруашылығы мен ат спортының бел ортасында жүрмін. Көптеген беделді халықаралық, республикалық, аймақтық жарыстардың ұйымдастырушысы болдым. Әкем Түгелге алғысым шексіз. Ең алғаш атқа мінгізіп, кейін тай, құнан жарыстарға қатыстырып, шыңдаған әкем болатын. Марқұм ерекше атқұмар жан еді. «Қазанат» сөзін 1961 жылы алты жасымда әкемнен естідім. Әкем – белгілі жылқышы еді. Өзінің көрген-білгенін, ойға түйгенін қалаған кірпіштей етіп, жүйелеп айтып отыратын көреген кісі еді. Ол кісі айтып отырушы еді:

– «Қазанатқа қазақтар қарыз. Өйткені, қазанат – қазақтың қазынасы.Осынау ұланғайыр қазақтың жерін бабаларымыз қалай қорғады, қалай сақтап қалды? Бұл қасиетті жерді қазақ батыры құр шоқпарды сүйретіп, жаяу қорғаған жоқ қой. Тұлпарлардың, қазанаттардың үстінде, үлкендігі есік пен төрдей азынаған айғырлардың және қазақ халқының қайсарлығы мен мықтылығының арқасында қорғады. Қазанат – ердің қанаты. Яғни, азаматтың ары мен намысын қолдан бермейтін қазақтың қазанаттары болған», деп бүгін тарихқа көз жүгіртсек, рас солай болған. Сондықтан да, мен қазанаттарды іздеуші, ұлттық құндылықтарды ұлықтаушының бірімін. Мен қазағымның қазанатын іздеп жүрген жанмын! Қазанат халқымыздың қанаты, қорғаны, айбыны болғаны рас. Қазанаты болғанда халық қор болмаған!

Жазушы ағамыз Асқар Сүлейменов: «Осы басқа халық қайдан жаралсын, мейлі маймылдан болсын, шатағым жоқ. Дәл біздің қазақ жылқыдан, тұлпардан туған!» – деп айтқан екен. Жазушы сөзінің жаны бар. Қазақ – жылқы мінезді, рухы биік, ер халық! Қазанат – қазақтың сахарасы. Ұлы Даласының екінші есімі. Осыншама кең даланы меңгеру үшін, осыншама кеңістікті қаусыру үшін тек қазанаттың ғана жалы мен белі, тұяғының желі керек болды. Бұл сөзіме тарих куә.

Жылқыны әлемде ең алғаш қолға үйреткен біздің аталарымыз. Ол жөнінде Берел, Ботай қорымдарынан табылған бұлтартпас әлемнің маңдайалды ғалымдары мойындаған дәлелдеріміз бен фактілеріміз бар. Бала кезімде «астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп…», «көлденең жатқан көк тас­ты, тіктеп тиген тұяғы саз балшықтай илеген…» тұлпар түлігін елестететінмін. Сәби қиялмен қазанатты тауып алып, ерттеп мінсем деген арман пайда болды. Есейе келе бұл азаматтық позицияға ауысты. Тіпті ат спортын дамыту жолына түбегейлі ден қою мақсатында 1994 жылы Шығыс Қазақстан облысынан Алматыға арнайы көшіп келдім.

Ал енді сұрағыңа келсек, қазақтың қазанаты қазақ даласында бар. Оған біздің талай бәйге кезінде көзіміз жетті. Атақты Адай жылқысын, Қостанай жылқыларын қалайша қазанат дей алмаймыз. Біле білсеңіз, қазір әлемге танымал ағылшын жылқыларында қазанаттың қаны бар. Ағылшындар ертеде асыл тұқымды арғымақтарды біздің сайын даладан алып кеткен. Олардың ұтқаны сол – қазанаттың ұрпағын көбейтіп, асылдандыра білді. Соның арқасында әлемге танылды.

Қазір әлемде жылқының 200-ден астам асыл тұқымы бар. Олар: ағылшын, араб, америка, ганновер, орлов, ақалтеке деп кете береді. Біздің қазанатымыз бұлардың бәрінен артық болмаса, кем емес. Өйткені, қазақ қазанатының бойында төзімділік, жүйріктік және маңғаздық бар. Бұл жағынан келгенде қазанат қазақ халқының мінезіне, болмысына ұқсайды. Ата-бабала