Мадридте (Испания) бір аптаға созылған теннистен Дэвис кубогының финалдық кезеңі өз мәресіне жетті. Әлемнің үздік 18 командасы қатысқан бәсекеде отандастарымыз да бақ сынаған болатын.
Нидерланд және Ұлыбритания құрамаларымен бір топта сынға түскен Қазақстан теннисшілері «Қызғалдақтар елінен» келген қарсыластарынан 2:1 есебімен басым түссе, кейіннен Энди Маррей бастаған Ұлыбритания құрамасымен өткен бәсекеде қандастарымыз 1:2 есебімен жол берді. Осылайша бір ойында жеңіп, екінші ойында жеңілген қазақстандық теннисшілер өз тобында екінші орын алғанымен, ширек финалға шыға алмады.
Дэвис кубогының ¼ бәсекесіне Аустралия, Канада, Сербия, Ресей, Ұлыбритания, Германия, Аргентина, Испания құрамалары шыққанымен, финалға тек Канада және жарыс қожайындары Испания теннисшілері жолдама алды.