Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында «Электронды үкіметті» дамыту және тұрғындардың цифрлы сауаттылығын арттыру, еңбек қатынастарын реттеу мәселелері қаралды.
«Цифрлық» вице-министрлер тағайындалуда
Бірінші мәселе туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта «электронды үкімет» – бұл мемлекеттік қызметтер алудың ең ыңғайлы құралы, оны 10 млн-нан астам азамат пайдалануда. Мұны дамыту үшін Ұлыбританияның, Эстонияның, Сингапурдың және технологиялық тұрғыдан дамыған басқа да елдердің озық тәжірибелері белсенді түрде енгізілуде.
2018 жылы Қазақстан «электронды үкіметті» дамыту индексі бойынша БҰҰ рейтингінде 39-орынды, ал Азия елдері бойынша 8-орынды, «онлайн қызмет көрсету» индикаторы бойынша 26-орынды иеленді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі атап өткендей, заманауи технологияларды тиімді енгізу мақсатында 2018 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың келісімімен 5 министрлікте «цифрлық» вице-министрлер тағайындалды (денсаулық сақтау, білім және ғылым, әлеуметтік-еңбек саласы, цифрлық даму мен салық-кедендік қызметі). Сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда Цифрландыру офистері құрылды.
«Аталған шаралардан экономикалық әсер 2018 жылы 218 млрд теңгені, 2019 жылғы 9 ай ішінде 305 млрд теңгені құрады. Қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика және Ішкі істер министрліктеріне 3 «цифрлық» вице-министрді тағайындау жоспарлануда», деді А. Жұмағалиев.
Қызметтерді электронды форматқа ауыстыру қазірдің өзінде құжат айналымын 70 млн құжатқа қысқартты. Жалпы алғанда, 8 млрд теңгеден аса жанама экономикалық әсер берді.
Мемлекеттік қызметтерге қол жеткізудің ең оңай жолы мобильді технологиялар екенін атап өткен жөн (қазақстандықтардың 64%-ы смартфонды пайдаланады). Қазан айында жаңа мобильді қосымша eGov mobile іске қосылды. Электронды қызметтерді алудың тағы бір жеңіл жолы – Telegram мессенджері және әлеуметтік желілер. Ең танымал деген қызметтер осы мобильді қосымшалар арқылы көрсетіледі. А. Жұмағалиевтің айтуынша, мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру нәтижесінде халықтан артық анықтамалар талап етілмейді. Оған дәлел – осы жылдың 1 қарашасынан бастап мекенжай анықтамасы жойылды.
«Жыл сайын азаматтарға 14 млн-нан аса осындай анықтама беріліп келді. Оны жою 3,3 млрд теңге шамасында экономикалық әсер береді. Қазір тағы да 27 анықтаманы жою бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл үшін мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстарын аяқтауы қажет», деді министр.
Келесі үлкен жоба – Мемлекеттік органдардың интернет ресурстарының бірыңғай платформасы (МО ИРБП). Бұл ортақ платформа бюджет қаражатын 2 млрд теңгеге дейін үнемдейді.
Айтылған шаралардың қорытындысы бойынша келесі жылы халықтың цифрлы сауаттылығының көрсеткіші 80%-ға дейін өсетін болады
10 айда 24 млн-нан астам қызмет көрсетілді
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрайымы Әсемгүл Балташева бүгінде бұл корпорация азаматтарға 648 (89,6%) мемлекеттік қызмет түрін көрсететінін айтты. Ағымдағы жылдың 10 айы көлемінде 24 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, азаматтарды электронды қызметтерге оқыту бойынша ауқымды жұмыстардың нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда корпорацияға келіп алатын қызметтер 4,1 млн-ға азайды. Әлеуметтік зерттеу нәтижесінде халықтың қанағаттану деңгейі 85,7 %-ды құрады.
«Республика бойынша 16 мамандандырылған орталық пен 86 сектор жұмыс істейді, 10 айда 2 млн-нан аса қызмет түрі көрсетілді, жүргізуші куәлігін беру бойынша 32%-ға жуық қызмет (111 мың) онлайн форматта алынды. 1 шілдеден бастап Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы, жүргізуші куәлігін алу мен автокөлікті қашықтықтан тіркеудің жаңа бизнес-процесі іске қосылды», деді Ә. Балташева.
Мемлекеттік корпорация төрайымының айтуынша, шетелдік азаматтарға қызметтерді жеңілдету үшін 17 көші-қон орталығы жұмыс істейді. Биыл 246 мың қызмет көрсетілген. Процесс 5 күннен 1 сағатқа қысқарды. Ішкі істер министрлігімен бірге мемлекеттік қызметтерді жетілдіру жалғастырылады.
Мәселені Премьер-Министр Асқар Мамин қорытындылап, «Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету саласын жетілдіру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жұмысында осы бағыттың маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 80%-на халық интернет арқылы қол жеткізе алады. Біздің алдымызда келесі жылдың соңына дейін осы көрсеткішті 90%-ға дейін жеткізу міндеті тұр».
Үкімет басшысы тұрғындар үшін мобильді құрылғылар арқылы қолжетімді мемлекеттік қызметтер тізбесін кеңейту жұмысын тездетуді тапсырды. «Бүгінде «e-Gоv mobile» мобильді қосымшасы арқылы 31 немесе шамамен 4% мемлекеттік қызмет пен сервис қолжетімді», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы барлық орталық мемлекеттік органдарға биылғы жыл соңына дейін интернет ресурстардың Бірыңғай платформасына көшуді аяқтауды тапсырды. «Кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығы ақпараттық жүйелерді интеграциялау және бизнес-процестерді автоматтандыру арқылы қолжетімді қызметтердің бүкіл спектрін кешенді түрде көрсетуге бағытталуы керек», деген А.Мамин Цифрлық даму және Ішкі істер министрліктеріне цифрлы және миграциялық халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәжірибесін барлық әрекет етіп тұрған ХҚКО-на тарату жұмысын пысықтауды тапсырды.
Еңбек қатынастарын реттеу
Сондай-ақ осы Үкімет отырысында еңбек қатынастарын реттеу мәселелері де қаралды. Кәсіпорындардың жалақы бойынша берешегі және еңбек нарығын реттеу жұмыстары туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Е.Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаев баяндады.
Қазақстан Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 2019 жылы «Еңбек нарығының тиімділігі» факторы бойынша Грузия (37), Ресей (62), Украина (69) және басқа да елдерді басып озып, 30-дан 25-орынға көтерілді.
Осы жылдың шілде айында Үкімет Парламент Мәжілісіне «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды, онда еңбек келісімшарттарын электронды форматқа аудару, жұмысшыларға лайықты еңбек және тұрмыс жағдайларын жасау үшін жұмыс берушілердің міндеттері мен жауапкершіліктерін белгілеу, бір компанияның тобы аясында іссапармен бару жағдайларын кеңейту, кәсіпорындардағы кәсіптік сын-тегеуріндерді бағалау мен басқару негізінде еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу бойынша шараларды бекіту және басқа да шаралар қарастырылған.
Қазақстанда 6,7 млн-нан астам жалдамалы жұмыскер жұмыс істейді. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы бір жарым есеге – 42,5 мың теңгеге дейін өсті, ал 203 мың кәсіпорындағы жалақы аз төленетін 1,2 млн жұмысшының жалақысы 32%-ға өсті.
2017-2019 жылдары жалақы бойынша берешек 169 млн теңгеге немесе 9,8%-ға төмендеп, 1,4 млрд теңгені құрады. Берешегі мол кәсіпорындардың көбі Нұр-Сұлтан қаласы, Ақтөбе, Алматы және Түркістан облыстарында. Оңалту және банкроттық сатысындағы 65 кәсіпорынның қарызы 691 млн теңгені құрайды.
Соңғы 3 жыл ішінде еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесіп еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 930 фактісі, оның ішінде 25 кәсіпорында еңбекақы төлеудің сәйкессіздігінің 474 фактісі анықталды. 681 рұқсат қайтарып алынды, 393 шетелдік жұмысшы елден шығарылды. Биыл еңбек жанжалдарын шешу мен алдын алудың кешенді жоспары бекітілді.
Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, қарастырылып отырған мәселе Қазақстан Үкіметі үшін маңызды және әртүрлі алаңдарда белсенді талқылануда.
Б.Сапарбаев бұл мәселедегі ең бастысы еңбек даулары мен жанжалдардың алдын алу екенін атап өтті. Жалақыны уақтылы төлеу және қысқартуды болдырмау үшін еңбек тәуекелі бойынша жол картасы жасалды. Осы карта негізінде әрбір әкімдік алдын ала сақтық шараларын қабылдауы керек.
Сонымен бірге Б.Сапарбаев ұжымдық шарттарды жасасудың маңызына назар аударды. Оның айтуынша, бұл шарттардың орындалуын бақылау қажет. Әсіресе, жылдың аяғында ұжымдық шарттардың орындалуын талдау, соның негізінде келесі жылға еңбек келісімшарттарын дайындау керек. Кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттыру қажет, олар да еңбек дауларына жауап беріп, жұмыс берушілермен өзара тығыз жұмыс істеуі тиіс.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин биыл қабылданған Өндірістік жарақаттануды азайту жөніндегі жол картасын іске асыруды жандандырып, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мен ескертуге назар аударуды тапсырды.
«Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың біздің алдымызға қойған басты міндеттерінің бірі – кәсіпорындарда әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, жұмыскерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау. Қазіргі таңда бұл салада тұтас заңнамалық база бар, үшжақты әлеуметтік әріптестік қарастырылған, қауіпсіздік техникасын сақтау және жарақаттануды азайту шаралары қабылданып жатыр 10 айда 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға төмен», деді А. Мамин.
Өңірлердің әкімдіктері Еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекциялар құрамының сапасын нығайтып, қажет болса санын арттыруы керек екенін айтқан Премьер-Министр жалақы бойынша берешекті мониторингілеудің қолданыстағы алгоритмін қайта қарауды, сондай-ақ жалақыны уақтылы төлеу жөніндегі заңнама нормаларын қатаңдатуды тапсырды. Жұмыскерлеріне жалақы төлемегені жұмыс беруші үшін тиімсіз болуы керек екенін ескертті.
Премьер-Министр Қазақстанның Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларына қосылу мүмкіндігін қарау және әлеуметтік-еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін талқылау жөнінде ведомствоаралық комиссия құруды тапсырды. Сонымен қоса Үкімет мүшелерінің назарын еңбек мәселелерінде медиация кеңінен қолданылмай отырғанына аударды.