Маңғыстау облысында республикалық, облыстық және жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының жаңартылуы қызу жүргізіліп жатыр. Облыста жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 92%-ды құрап отыр. Қайта құрылымдау жұмыстары 191,5 шақырымға жасалмақ. 218,8 шақырым жолға орташа жөндеу өткізіледі.
Қазақстан мен Өзбекстанды жалғайтын «Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы» автожолы күрделі жөндеуден өтіп, бірінші кезеңі пайдалануға берілді. Ал, екінші кезеңі 2020 жылдың сәуір айында аяқталады. Қазір «Жетібай-Жаңаөзен-Түркменістан шекарасы» автомобиль жолының құрылысы жүруде. 73 шақырымды құрайтын жолдың құны 14,9 млрд теңге.
Облыстық және жергілікті маңыздағы «Ақтау-Қаламқас» және «Таушық-Шетпе» автомобиль жолындағы жасанды имараттарды қайта жаңартуға 872 миллион теңге бөлінді. Маңғыстаудағы киелі жерлерге баратын «Ата жолы» автожолы да қайта жаңаруда. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстарының 90%-ы орындалды. Құрық ауылынан теңіз портына дейінгі 22 шақырым жол да аяқталады. Сондай-ақ «Жыңғылды-Шайыр-Шеркала мекені» 29,5 шақырым жолы, «Шетпе-Қызан» автомобиль жолын қайта құрылымдау 49-85 шақырым учаскесі және т.б. жолдар жаңартылуда.
Аймақта авто жолдарының жалпы ұзындығы - 2846,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңыздағы – 1049 шақырым болса, облыстық және жергілікті маңыздағы – 1 797,1 шақырым.