Бүгінгі таңда Жамбыл облысында ағын суды үнемдеу және өнім көлемін арттыруға қол жеткізу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласын алға бастырып, тұрғындардың тұрмысын түзейтіні анық.
Бұл орайда биыл ылғал сақтау технологиясы өңірдегі 29,0 мың гектар егіс алқабына енгізілсе, су үнемдеу технологияларының көлемі 20,5 мың гектар алқапқа жетіп, 12,6 пайызға артқан. Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтың айтуынша, аймақта 2015 жылы отырғызыла бастаған үдемелі бақтардың көлемі бүгінде 1064 гектарға жетіп, облыстағы бақтар 3375 гектарды құраған.
Қазіргі кезде облыста аумағы 32 гектарды құрайтын 300 жылыжай болса, олардан ағымдағы жылдың бірінші кезеңінде 2,9 мың тонна өнім алынған.
Бұл маусымаралық кезеңде ішкі нарықты 23 пайызға қамтыған көрсеткіш. Қазіргі уақытта өңірде қосымша қажетті 37 гектар жылыжайлар құру жұмыстары жүргізілуде.