• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қараша, 2019

Биыл Таразда көпбалалы отбасыларға 142 пәтер сатып алуға қаражат бөлінді

197 рет
көрсетілді

Ағымдағы жылы Тараз қаласындағы көпбалалы отбасыларға 142 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 1 миллиард 191,0 миллион теңге қаржы қарастырылып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Тараз қалалық әкімдігінің мәліметінше, пәтерлер 3 бөлмеден жоғары, көлемі 60-90 шаршы метрден кем емес. Сондай-ақ әр пәтердің құны 8 миллион 400,0 мың теңгеден аспайды.   

Қазіргі таңда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 217,7 мың шаршы метрді немесе нақты көлем индексі 109,8 пайызды құраған. Есепті кезеңде қала бойынша 18 568 адам тұрғын үй кезегінде тұр екен. Оның ішінде көп балалы отбасылар 1784, 29 жасқа толмаған жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар 1953, әлеуметтік жағынан қорғалатын топтар 8955 және мемлекеттік, бюджеттік және әскери қызметкерлер 5876 адам болып отыр.

Сонымен қатар бүгінде Тараз қаласындағы Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқапта республикалық бюджет есебінен жартылай арендалық және жартылай аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 80 пәтерлі 4 тұрғын үйлердің және облыстық бюджет есебінен 80 пәтерлі 1 арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ аталған алқапта, жергілікті атқарушы органдардың облигациялар шығару жолымен 60 пәтерлі 11 кредиттік үйлердің құрылыстары жүргізіліп жатса, оның 3-еуі ағымдағы жылы іске қосылатын болады. Ал, қалған 8 үй келесі жылға өтпелі болып табылады.

Бұдан бөлек, «Арай» тұрғын үй алқабы мен «Қарасу» мөлтекауданында кезекте тұрған көпбалалы аналарға арналған 45 пәтерлі 8 шағын жатақханалардың құрылысы облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған. Ағымды жылы 6 жатақхананы пайдалануға беру көзделсе, қалған 2 жатақхана келесі жылға өтпелі.