• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
100 28 Қараша, 2019

Орынборда «Egemen Qazaqstan»-ның ғасырлық тойына арналған дөңгелек үстел өтті

244 рет
көрсетілді

Н.Крупская атындағы облыстық кітапханада «Egemen Qazaqstan» газетінің  100 жылдығына арналған  дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Оған Орынбор облысы Мәдениет және сыртқы байланыстар министрінің орынбасары, Халықаралық әріптестік басқармасының бастығы Александр Калинин бастаған орынборлық лауазымды тұлғалар қатысты.

Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің аға кеңесшісі Жанар Колбачаева Иманғали Тасмағамбетовтің құттықтау хатын оқып берді. Құрметті Дархан Қуандықұлы, қадірлі газет ұжымы! Сіздерді мерейтойларыңыз – «Egemen Qazaqstan» газетінің жарыққа шыққанына 100 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Әр кезеңнің жаршысы, қалың көпшіліктің мұң-мұқтажының жақтаушысы болғаны анық. Сонау ғасыр басында, яғни 1919 жылғы желтоқсан айында Орынбор қаласында алғашқы саны жарық көрген «Ұшқын» газеті де азаттық аңсаған ел арманын ту етті.

Содан бері бұл газетте әр жылдары Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды ұлтымыздың біртуар азаматтары қызмет істеп, басылымда дамыту, бет-бейнесін қалыптастыру, беделін арттыру ісіне зор үлес қосты.

Асаудай тулаған замана толқындарында уақыт құдіретімен «Ұшқыннан» кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» болып атауы өзгергенімен, республикалық басылымның бұл негізгі алтын арқауы өзгерген жоқ. Өзгермек те емес. Еліміздің төл басылымының ғасырлық торқалы тойымен шын жүректен құттықтап, «Egemen Qazaqstan» тамыр тартқан үрдістің баянды болуын тілеймін. Бүгінгі мерекелі күні газет ұжымына шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс және жарқын болашақ тілеймін. Қазақстанның өркендеуі жолында қаламдарыңыз мұқалмай қызмет ете беріңіздер!» Ізгі ниетпен Иманғали Тасмағамбетов.

Жиында Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы достық қарым-қатынас, рухани байланыстар жөнінде жиі айтылды. «Ресей халықтары достастығы» коммерциялық емес автономды ұйымының сарапшысы, Орынбор мемлекеттік университетінің Оңтүстік Орал тарих және этнография ғылыми зерттеу  институтының аға ғылыми қызметкері Константин Моргунов Орынбор рабфагында оқыған қазақтар туралы өте қызықты, дерекке толы баяндама жасады.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар да екі елдің достығына арқау болатын ізгі шаралардың бірі - осы мәжіліс екенін айтты.

Ақын Несіпбек Айтұлы газет мерейтойына арнаған өлеңін оқыды.

«Egemen Qazaqstan» газеті халықаралық баспасөз каталогына енгендіктен, газетімізге енді Ресей жеріндегі, соның ішінде Орынбордағы оқырмандарымыз да жазыла алады. Соңғы жылдары ізденіс жұмыстары нәтижесінде «Ұшқын» редакциясы орналасқан тарихи ғимарат анықталды. Ресейдегі елшіміз Иманғали Нұрғалиұлының тікелей қолдауымен осы ғимаратқа ескерткіш тақта орнату жөнінде келісімге қол жеткізіп отырмыз. Мұны Орынбор қаласының әкімшілігі де қолдап отыр. Сонымен қатар арнайы делегация жіберген Батыс Қазақстан облысы басшылығына ризашылығымызды білдіреміз» деді Д.Қыдырәлі.

Кездесу соңында Орынбор қазақтары қауымдастығы ұйымы төрағасының орынбасары Жәнібек Иткузов пен «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.