• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қараша, 2019

Жамбылдық шаруалар қой еті экспортына үлес қосады

680 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсі­ресе мал шаруашылығымен айналысамын деушілер үшін мем­ле­кеттік бағдарламалар арқылы жеңілдікпен несиелер беріліп, са­ла­ны дамытудың мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылған. Мәсе­лен Жамбыл облысында қой шаруашылығын қолға алған шаруа­лар көп. Олар да мемлекеттің қолдауына қол жеткізіп отыр. «ҚазАгро» холдингінің еншілес ұйымдарының бірі «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мал шаруашылығын қол­дауға бағытталған несиелеу бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Жеңілдікпен берілетін несие қаржысына шағын шаруа­шы­лықтар ірі қара, ұсақ мал, жылқы, құс, бал араларын сатып ала алады.

Жамбыл облысы Жуалы ауданына қарасты Қызылтам қыстағындағы «Диас» шаруа қожалығының басшысы Мөл­дір Байсақалова Ауыл шаруашы­лығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасымен несие алып, қой шаруашылығымен айналысуға мықтап кіріскен. Мөл­­дір­дің мамандығы қаржыгер бол­­ғанымен, жеке кәсіппен айна­лысқанды жөн көріп, қой шаруа­шылығын дамытуды қолға алған екен.

Мал бағу үшін басқа да тұр­­мыстық жағдайларды жақсартып алу маңызды екенін ескерген шаруа алдымен мал қорасын талапқа сай салған, мемлекеттік қолдау арқылы құдық қазып, су тартқан және күннен қуат алатын панелдерді де орнатып қойған. Екі адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық басшысының алға қойған жоспарлары да ауқымды. Малының санын көбейтіп, қой еті экспортына үлес қоспақ. Ол үшін ет экспортымен айналысатын «Оңтүстік халал тағамдары» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тігімен келісімшартқа отырып та қойыпты. Келер жылы малының төлі жетілген соң, осы мекемеге етін өткізуді жоспарлап отыр. Қарт Қаратаудың етегінен орын тепкен шаруашылықтың жері шұрайлы болғандықтан сапалы ет тапсыра алатынына бек сенімді.

«Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 6,5 жылға 6 пайызбен 10 млн теңге несие рәсімдеп, оған 260 бас қой мен 9 қошқар және малдың жем-шөбін сатып алдым. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген сөз бар ғой. Сол айтқандай, қой шаруашылығы мол табыс табуға болатын сала деп есептеймін. Әрине мал бағу, өсіру деген қажырлы еңбекті қажет етеді. Әр жұмыстың өз бейнеті бар, соған орай  зейнеті де болады. Сондықтан жұмыстан қорықпау керек. Адал еңбекке не жетсін? Алдағы уақытта осы малымды көбейтіп, ет экспортына үлес қосамын деген жоспарым бар», дей­ді қожалық басшысы Мөлдір Байсақалова.

Ал Жамбыл ауданының Ерна­зар ауылына қарасты Бөгөткел қыс­тағын жайлаған жеке кәсіпкер Ақ­жол Теңге­баев он жылдан бері мал шаруашы­лығымен айналысып келеді екен. Кейінгі жылдары тек қой шаруашылығына ден қойыпты.

«Ағайын тату болса – ат көп» деген қағиданы ұстанған шаруа інісі екеуі жаңадан қыстақ салып, ұсақ малдың санын мыңға жеткізу жолында аянбай еңбек етіп жатыр. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Игілік» бағдарламасы арқылы 4 млн  теңге несие алған ол 110 бас саулық пен 4 қошқар сатып алған екен. Өз малын қосқанда қазір қорасында 500-ден астам қой тұр.

«Еңбек етемін деген адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. Тек көптеген азаматтар сол қол­дауларды білмей жатады. Мен де маңайымдағы малшылардан ес­тіп, «Бастау бизнес» жобасымен бизнес негіздеріне оқыдым, құжаттарымды талапқа сай етіп жинадым. Еш қиындықсыз несиеге қол жеткізіп, малымның санын еселеп отырмын. Енді осы алған 4 млн теңгені уақытынан бұрын қайтарсам, тағы қой сатып алу үшін «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 12 млн теңге несие аламын», дейді А.Теңгебаев.

Айта кетейік, Ауыл шаруашы­лығын қаржылай қолдау қоры­нан «Еңбек» мемлекеттік бағдар­ла­масы аясында «Сыбаға» несие өнімі ар­қылы қой шаруашы­лы­ғына 12 млн теңгеге дейінгі несие 6,5 жылға 6%-бен беріледі. 2 жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған. Сондай-ақ «Игілік» несие өнімі арқылы 6%-бен 4 млн теңгеге дейін несие беріледі және 9 ай жеңілдік мерзімі бар.

Ауыл шаруашылығын қар­жы­лай қолдау қорының Жам­был облысындағы филиалы биыл «Сыбаға» мен «Игілік» бағ­дар­ламалары арқылы 374 шаруаға 2,2 млрд теңге несие берген болатын. Бұл қаржыға шаруалар 48 мыңнан астам қой сатып алды.

Биыл қордың құрылғанына – 25 жыл. Осы уақыт аралығында жалпы сомасы 312 млрд теңге болатын 152 мың несие берілді. Биылғы көрсеткіш бойынша барлық бағыттарды қамтығанда 53,2 млрд теңгені құрайтын 12 мың жоба қаржыландырылды.