Заманауи көркін асқақтатып, әлемдегі дамыған қалалар үдесінен шығу Алматы шаһары үшін айшылық алыс қашықтық емес. Almaty Investment Forum алаңында отандық және шетелдерден келген инвесторлар «Жаңа қаланың» келешегіне қатысты маңызды құжаттарға қол қойған сәтте сөзіміздің растығына көз жеткізгендей болдық. Ал қағаз жүзінде күшіне енген креативті жоспарлар қала халқымен бірге жүзеге асатын болады. Өйткені Алматыда еліміздегі және өңірдегі ең креативті, ең батыл әрі білімді адамдар тұрады. Дәл осындай пікірмен бөліскен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев креативті адами капитал Алматының басты артықшылығы деп атап өтті. Қалада жұмыс істейтін тұрғындардың 70 пайызға жуығы жоғары білімді. Ал жұмыспен қамтылғандардың үштен екі бөлігін құрап отырған шағын және орта кәсіп иелері қазынаға салықтың 63 пайызын беріп отыр.
«Жаңа Алматы» жоспары мегаполистің шеткі аудандарын да қамтиды. Б.Сағынтаев атап өткендей, қалалық инфрақұрылымды жаңарту алдағы 5 жылда инвестиция үшін жаңа алаңдар ашады. «Жаңа Алматы» жоспарына 834,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салынады. Бұл ағымдағы бағам бойынша 2 млрд 155 млн доллар. Арнайы брифингте Алматы агломерациясының дамуына қатысты қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев қала маңындағы Талғар, Қаскелең сияқты бағыттар бойынша заманауи жолаушылар жүйесі іске қосылатындығын атап өтті. Әзірге бұл бағытта шетелдік сарапшылар мониторинг жүргізуде. Қала мен ауыл арасын жалғайтын даңғыл жолдарда жүретін көліктер зерттеулер нәтижесінен кейін алдағы жартыжылдықта белгілі болады.
Алматының болашағы жаһандық іскерлік орталық, жаңа Жібек жолындағы көлік-логистикалық және туристік хабқа айналуымен ерекшеленеді. Бірінші кезекте бұл – қаржы және сақтандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, логистика және дистрибуция. Алдағы мерзімде қала құрылысы да қарқын ала түспек. Қала басшысының айтуынша, Алматының экономикалық өсуінің маңызды драйвері – әлеуметтік экономика. Осы бағытта ең алдымен білім беру және денсаулық сақтау салаларына басымдық беріледі. Ал бес жылда кемінде 19 мектеп пен 16 қосалқы нысан, 400 мемлекеттік және жекеменшік балабақша, 30 медициналық мекеме салу міндеті тұр. Инфестфорумда қол жеткен нәтижелерге орай Құлжа тас жолы, Ақсай шағын ауданында салынатын клиникалардың артықшылығы заманауи талаптарға негізделетінін толықтырып өткен Сапарбек Тұяқбаев ғылыми-зерттеу бағытындағы орталықтардың, фармацевтикалық өндірістердің, сондай-ақ халықаралық мектептердің де құрылысы қарқын алатынын жеткізді.
Алматы – туризм орталығы. Мәліметтер бойынша, өткен жылы мегаполиске 1 млн-нан астам турист келген. Бұл республикаға келетін шетелдіктердің 43,9 пайызын құрайды. Туристердің келуімен қонақүй бизнесі де қарқынды дамып келеді. Қонақүй орындарының саны 2015 жылдан бастап 41 пайызға артқан. Әлемдік мегаполистер тәжірибесінен туристер жүрген аймақта инвестициялық салымдардың да көп болатындығын аңғаруға болады. Ал 2050 жылға қарай жалпы өңірлік өнімдегі туризмнің үлесі 6 пайызға жетеді деп болжануда.
Қала экономикасының жаңа индустриясына және цифрландыруға арнайы платформалар құруға басымдық беріледі. Бүгінде Алматы айтарлықтай ғылыми-техникалық әлеуетке ие. Қалада 39 жоғары оқу орны, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыратын ұйымдардың 35 пайызы орналасқан. Бұл салада қызметкерлердің 42 пайызы жұмыспен қамтылған. Ғылымды қажет ететін экономиканы дамытуға, жаңа ақпараттық технологияларға, жоғары технологиялық тауарлар өндірісін дамытуға ерекше назар аудару да жоспарда бар. Ал қаланың экожүйесіне – жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары жанындағы трансферт және технологияларды коммерцияландыру орталықтары, технологиялық бизнес-инкубаторлар мен технопарктер, инновациялық және IT-кварталдар енгізілмек. Мәдени креативті қаланың болашағын осылайша жоспарлап отырған қала басшылығы креативті экономика инвестиция үшін тартымды сала деп біледі. Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына сәйкес бастауыш сынып оқушыларының 65 пайызы таяу болашақта әлі пайда бола қоймаған мамандықтар бойынша жұмыс істейтін болады.
Алматы – Орталық Азияның ІТ қалыптасқан, ғылымы мен креативті инфрақұрылымы бар, жарқын жастар қаласы. Бүгінде креативті сектордың 45 пайызы шоғырланған қалада осы бағытта индустриялар паркін салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар дамуына баса назар аударылатын 8 креативті индустрия анықталды. Қала және қала маңындағы көркем табиғат, дамыған инфрақұрылым кез келген жанрдағы, айталық тарихидан фэнтезиге дейінгі фильмдерді түсіруге зор мүмкіндік. Бұл бағытта шетелдік студиялардың да белсенді жұмыс істеп, қызығушылық танытып отырғанын атап өтуге болады. Ал отандық өнімдер түсіру үшін қала әкімдігі жанынан Almaty Film Commission құрылатын болады. «Отандық кинематографияны дамытып, Алматыны әлемдік кино түсіру алаңы жасаймыз. Алматының анимациялық мектебі кеңес дәуірінде-ақ биік нәтижелерге қол жеткізді. Ал бүгінде анимация студиялары жоқ. Бұл да инвестициялар үшін қосымша резерв. Ал алматылық аниматорлардың әлеуеті зор», деп атап өтті Б.Сағынтаев.
Алматы – музыка бағыты бойынша ЮНЕСКО-ның креативті қалалар желісіне кірген Орталық Азиядағы жалғыз қала. Алматылық музыканттарды қолдау үшін арнайы платформалар құрылып, өнімдері iTunes, Үandex, Spotify, тағы да басқа заманауи цифрлы құралдар арқылы таратылатын болады.
Мемлекеттік қолдауды көбірек қажет ететін саланың бірі – әдебиет. Ең алдымен жас таланттарға, жазушылар мен оқырмандарға жағдай жасалып, қаладағы кітапханалар қоғамдық кеңістікке айналады. Кітапханаларда жас қаламгерлер iTunes, Үandex, Вookmate, Аmazon арқылы сату, ілгерілету әдістеріне үйреніп, әлемдік деңгейдегі жауһар туындылар жазатын болады.
Алматы – қазақстандық сәулетшілерді дайындайтын негізгі орталық. Алматыда елімізге де, шетелдерде де танымал сәулет және дизайн бюролары көптеп ашылуда. Сондықтан бірыңғай сәулет және дизайн кодын жасап, қаланы болашақтың нысандары құрылысына енгізу, заманауи дизайнды тарихи ғимараттармен үйлестіру сияқты кешенді міндеттер жаңа қаланың көркін аша түсетіні сөзсіз.
Соңғы жылдары сән индустриясы қарқынды дамып келеді. Десек те әлі жүзеге аспай келе жатқан үлкен мүмкіндіктері бар. Осы ерекше саланы дұрыс дамыта білсек, әлемге Ұлы дала өркениетінің дәстүрлеріне негізделетін сән өнерін, оған деген шынайы көзқарасымызды ұсына аларымыз анық дейді қала басшысы. Жетекші сән үйлері мен зергерлер әлем жұртшылығын ата-бабаларымыздың «аң стилімен», халықтың қолданбалы ою-өрнектерімен шабыттандыратын болады. Осы бағытта жас дизайнерлерге шеберханалар ұсынып, өнімдері ішкі нарықта насихатталатын болады.
Жаңа медиа және цифрлық мәдениет – қарқынды дамып келе жатқан интерактивті электронды басылымдар. YouTube, Instagram, Twitter секілді платформалар тиімді контент құрып, жақсы табыс табуға мүмкіндік берді. Үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырған жастар елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерге танымал. Алматының аудиовизуалды контентінің дамуын ескере отырып, бүкіл Орталық Азияны қамтитын нарық қалыптастырудың алғышарттары бар.
Алматының «Күн белдеуі» үлкен аттракциондар паркін құруға мүмкіндік береді. Ол шетелдік туристер үшін де тартылыс аймағына айналады. Ал Алматы мұражайлары интерактивті және ойын-сауыққа ыңғайлы. Ол өскелең ұрпаққа цифрлы ортаға бейімділігімен тартымды болуы тиіс. Сондықтан да қала басшылығы мегаполистің ғылыми-ағартушылық және коммуникативтік орталығына айналатын галерея немесе заманауи өнер мұражайын құруды ұсынып отыр. Ал қалада Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы базасында ашылған «бір терезе» Almaty Invest орталығы инвесторлар үшін кең мүмкіндіктер алаңын ұсынады. Міне, арайлы Алматының креативті индустриясының бағдары осылай бедерленеді.