Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Жиынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары –Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, ҚХА мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің өкілдері, өңірлік ассамблеялар хатшылықтарының меңгерушілері, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым, жастар, БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыс барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында берген тапсырмаларының орындалу барысы, Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерін қоғамдық аккредиттеудің қорытындылары, Алматы облыстық ассамблеясының жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуы, Шымкент қаласы ҚХА-ның жұмыс тәжірибесі және бірқатар ұйымдық мәселелер қарастырылды.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысына жыл соңында жиналып отырмыз. Бұл – атқарылған жұмысты қорытындылап, алда тұрған міндеттерді айқындайтын кезең. 2019 жылы Ассамблея қоғамда белсенді жұмыс атқарғанын атап өтуіміз керек. Биыл өткен кезектен тыс президенттік сайлауға қатысып, жүргізіліп жатқан саяси бағытқа қолдау білдірілді. Арыста болған оқиғаға байланысты гуманитарлық көмек акциясы ұйымдастырылып, Ассамблея өзінің азаматтық ұстанымын танытты, – деді Қырымбек Көшербаев.
Мемлекеттік хатшы өз сөзінде халық бірлігін қамтамасыз ету ісі әрқашан мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы екенін және солай болып қала беретінін жеткізді. Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлікті нығайту жолында маңызды рөл атқарады. Ассамблеяны, оның қоғамдағы рөлі мен беделін нығайту үшін қажетті тұжырымдамалық, құқықтық негіздер жасалған.
Қ.Көшербаев Ассамблеяның алдағы уақытта атқаратын бірқатар басым міндеттерін, атап айтқанда, 2020 жылы ҚХА-ның 25 жылдығына және Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын іске асыруға арналған іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу, сондай-ақ жұмыстың ғылыми-талдамалық бағытын күшейту қажеттігін атап өтті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Сыртқы істер министрлігіне бірқатар тапсырма берген болатын. Медиация институты арқылы даулы мәселелердің шешімін табу, қоғамдық кеңес институттарын жетілдіру, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына әзірлік жұмыстары туралы Дәурен Абаев баяндады.
– Дау-дамайды сотқа жеткізбей шешу институттарының дамуы – адамдар арасында пайда болған дау-дамайдың алдын алудың тиімді жолы екені даусыз. Бұл ретте, біздің тараптан мемлекет пен қоғамның өзін-өзі реттеуге деген мүмкіндігін арттыруға қатысты жобалар енгізілуде. «Медиация туралы» заң медиацияны жүйелі ұйымдастыру кезінде қоғамдық қарым-қатынасты реттеуге негізделген. Осы күні Парламент депутаттарының бастамасы бойынша аталған заңға өзгерістер мен түзетулер енгізу жоспарлануда. Нәтижесінде, медиацияны қолдану аясы кеңейтіледі, – деді Дәурен Абаев.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Елбасы берген тапсырмалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын ұйымдастыру және өткізуге қатысты ұлттық іс-шаралар жоспары әзірленгенін алға тартты.