• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қараша, 2019

Жуалы ауданында «Қараалма» кешені ашылады

407 рет
көрсетілді

Тарихы терең Әулиеата өңірін туристік аймаққа айналдыру бүгінде өңір үшін күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Сонымен қатар табиғат тамашаларын да тиімді пайдалану аймақ туризмін дамытуға жол ашпақ. Бұл ретте тосын табиғатымен ерекшеленетін Жуалы ауданында «Қараалма» тау шаңғы базасын ашу қолға алынған болатын.  

Бүгінде аталған тау шаңғы базасының құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталған. Сонымен қатар мұнда қонақүй коттедждері мен туристерге қызмет көрсететін сервистік кешеннің құрылысы салынуда. Сондай-ақ жеті шақырымдық жол салынып, инфрақұрылым тарту жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілуде. Оған қажетті құрал-жабдықтардың дені жеткізілген. Құрылыс басында 100-ден астам жұмысшы мұндағы қыстың қаталдығына қарамастан, күн-түн демей білек сыбана еңбек етуде.

Айта кету керек, мұндағы демалыс кешенінде қонақтар жылдың төрт мезгілінде де демалуға мүмкіндік алады. Келушілерді жаз мезгілдерінде саумалмен, қымызбен емдейтін, атпен серуен құратын орындар ашылады деп күтілуде. Жалпы, нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынуда. Жобаның жалпы құны 4 миллиард теңге. Туристік нысан Халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күрежолының бойынан 7 шақырым қашықтықта, Алатаудың баурайында теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте орналасқан. Сонымен қатар Алатаудың ұшар басынан кешенге дейін 2 500 метр сырғанау жолағы түскен. Сол сияқты 2050 және 350 метрлік аспалы жолдардың құрылыстары да жүзеге асырылуда. Аспалы жол құрылысына қажетті қондырғылар мұнда  Австрия елінен жеткізілген.

Сонымен Жуалы ауданындағы «Қараалма» тау шаңғы базасы алдағы желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов ауданға арнайы барып, жауаптыларға  мұндағы  барлық жұмыстарды сапалы атқаруды, 350 метрлік аспалы жолдың  монтаждау, орнату шараларын ағымдағы жылы 16 желтоқсанға дейін аяқтауды тапсырды. Ал, ұзындығы 2 мың метрден асатын  аспалы жолдың құрылысын бір-екі айда толығымен бітіру керектігін де айтты.