Өткен жұмада Брюссельде Еуропа кеңесінің төрағасы ауысты. Бұдан былай бельгиялық Шарль Мишель кеңестің жиынын басқарып, халықаралық аренада ұйым атынан сөз сөйлейтін болады.
43 жастағы Шарль Мишель – Еуропа кеңесі тарихындағы ең жас басшы. Оның әкесі де белгілі саясаткер. Луи Мишель Бельгияның Сыртқы істер министрі қызметін атқарған, сонымен қатар Еуропа кеңесінің даму және гуманитарлық көмек мәселелері бойынша комиссары болған.
Мишель әкесі сияқты Бельгияның «Реформаторлар қозғалысы» либералдар партиясынан. Бұған дейін аталған партияның төрағасы, Бельгияның Премьер-Министрі қызметтерін атқарған.
Дональд Тусктің орнына келген жаңа басшы «Еуропаның «жасыл» экономика саласында үздік болғанын қалаймын. Сонымен бірге аймақта жұмыссыздық мәселесі шешімін тауып, инновациялар мен өмір сүру сапасы деңгейінің жоғары болуы үшін жұмыс істеймін. Біз одаққа мүше мемлекеттер мен азаматтарымыз үшін қызмет етуіміз керек. Оған жету үшін ақылымыз бен талантымызды, тәжірибемізді қолдануымыз шарт», деді.
Белгілі журналист Виллам ван Муллем Мишельдің жақсы дипломат екенін, Бельгия ішкі саясатында өзін жақсы көрсете алғанын айтады. «Ол шиеленісті жақсы шеше алатын саясаткер», дейді журналист. Бұл сөздің анық-қанығы міндетіне келген алғашқы айда-ақ анықталмақ. Өйткені желтоқсанда Еуропа кеңесінің жұмысы қыза түспек. Желтоқсан саммитімен қатар Ұлыбританияда парламент сайлауы өтеді. Ал сайлаудан кейін Ұлыбританияның Еуропа одағында қалып не одақтан шығуы белгілі болады. Қандай шешім қабылданбасын, одақтағы 27 мемлекеттің бірлігі Шарль Мишельдің мойнында.
Еуропа кеңесінің төрағасы – Еуропа одағындағы ең жоғарғы лауазымдардың бірі. Төраға Еуропа кеңесінің барлық жиынын басқарып, халықаралық аренада одақтың атынан сөз сөйлейді. 2009 жылға дейін Кеңес басшылығы қызметін Кеңеске төрағалық ететін мемлекеттің президенті атқарған. Яғни, жарты жыл сайын жаңа мемлекет, сәйкесінше жаңа басшы тағайындалып отырған. 2009 жылдан бастап басшысын таңдау дәстүрге енгізілді. Ал Шарль Мишель 2,5 жылға тағайындалып отыр.
Жаңа басшының саяси көзқарасына тоқталатын болсақ, оның христиандық демократ, оңшылдықты жақтайтыны туралы ақпарат бар. Еуропа комиссиясының басшысы Урсула фон дер Ляйен де бұл бағытты ұстанатыны белгілі. Ақпарат құралдары Шарль Мишельдің Франция президенті Э.Макронмен тез тіл табысып кеткенін жазуда.
1 желтоқсан тек Мишель үшін емес, Еуропа комиссиясының бірқатар қызметкері үшін де алғашқы жұмыс күні болмақ. Өйткені Урсула фон дер Ляйен басқарған комиссия жаңа мүшелерімен толықты. Жаңа құрам 5 жылға бекітілді. Биылғы құрамға Ұлыбритания үміткер ұсынбады. Олар бұл әрекетін елдегі жалпы сайлаулармен түсіндірді.