• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 04 Желтоқсан, 2019

Дамыған өңір елді өрге сүйрейді

528 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет оты­ры­сында салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелері қаралып, өңір­лерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы таныстырылды.

Бюджет түсімі ұлғайды

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе салық және кедендік әкімшілендіруге қатысты болды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайылов баяндады. Оның айтуынша, биылғы 10 айдың қорытындысына сәйкес мемлекеттік бюджетке түсімдердің өсу қарқыны 14%-ды құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 911 млрд теңгеге артық.

– Ішкі тұтыну тауарларына қо­сыл­ған құн салығы 282 млрд теңгеге, кор­по­ративтік табыс салығы 194 млрд теңгеге, еңбекақы қорынан түсетін салық 95 млрд теңгеге өскені байқалады. Сон­дай-ақ кедендік төлемдер де өсті. Еур­АзЭҚ қосылған құн салығы 88 млрд тең­геге, үшінші елдерден қосылған құн са­лығы 73 млрд теңгеге артты. Биыл­ға арналған республикалық бюджет кіріс­тері көлемінің (трансферттерді қоспа­ғанда) нақтыланған болжамы 7 трлн 81 млрд теңгені құрайды, – деді Ә.Смайы­лов.  Оның айтуынша, салықтық тексеру­лердің қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтардың сомасы 129 млрд теңгеге жеткен.

Жиында белгілі болғандай, жыл басын­да шағын және орта бизнеске, сон­дай-ақ тамыз айынан бастап  жеке тұлға­ларға негізгі қарызды төлеген жағдай­да есептелген өсімпұлдар мен айып­пұл­дарды есептен шығару арқылы салықтық рақымшылық жүргізілуде. Қараша айындағы жағдайға сәйкес шағын және орта бизнестегі 42 мың борышкерге рақымшылық жасалды.

А.Мамин салық және кеден салалары бойынша бизнес процестерді автоматтандыруды жалғастыруды тапсырды.

– Қаржы министрлігі ұсынған тәсіл­­дерді қолдаймыз. Мүдделі мем­ле­кеттік органдар осы бағытта үйлес­тірілген жұмысты жалғастыруы қажет. Ел­басының тапсырмасы бойынша 1 қаң­тардан бастап шағын және орта кәсіп­керлікке салықтық рақымшылық жасалып, айыппұлдар мен өсімпұлдар кеші­рілді. Мемлекеттің қолдауымен борыш­ты жою нәтижесінде салық төлеуші­лердің банк шоттарындағы шектеулер алынып тасталды. Мүліктерге салынған шектеулер алынды, – деді Үкімет басшысы.

А.Мамин Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, арнайы салық режімдерін қолданатын микробизнес пен шағын бизнес субъектілері табыс салығын төлеуден үш жылға босатылғанын айтты.

– Қорыта келгенде бірқатар мәселеге тоқталғым келеді. Бірінші – бюджетке түсетін түсімдер жоспарының орындалуына қатысты. Мемлекеттік бюджет түсімдерінің өсу қарқыны 14 % болды. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 911 млрд теңгеге артық. Нәтиже жаман емес. Бірақ осы қарқынды төмендетіп алмай жұмысты жалғастыру қажет. Қаржы министрлігіне пысықталған жоспарды сапалы орындау үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырамын, – деді ол.

Үкімет басшысы Қаржы министрлігі салық және кеден салаларында бизнес про­цестерді автоматтандыру бойынша ау­қымды жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

– Соның ішінде «Астана-1», «Е-те­резе», «Виртуалды қойма» және бас­қа­лары бар. Бұл шараларды іске асыру процестерді оңтайландырып қана қоймай, салықтық операциялар мен кедендік кооперацияларды жүргізуді жеделдетуге әрі олардың ашықтығын арттыруға мүм­кіндік береді. Осы жұмысты жалғас­тыру керек, – деді А.Мамин.

Сонымен қатар Үкімет басшысы 2020 жылғы 1 сәуірге дейін деректер базасын өзектендіруді аяқтауды тапсырды.

– Премьер-Министрдің бірінші орын­басары – Қаржы министрінің баянда­ма­сында мемлекеттік органдардың дерек­тер базасын өзектендіру тақырыбы қозғалды. Бұл – маңызды мәселе. Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер, Әді­лет министрліктеріне, барлық мемле­кеттік органдарға және әкімдіктерге «Азамат­тарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына 2020 жылғы 1 сәуірге дейін деректер базасын өзектендіруді аяқтауды тапсырамын, – деді А.Мамин.

 Импорттық тауарға тәуелділік төмендейді

Үкімет отырысында Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Сапархан Омаров агро­өнеркәсіптік кешенді қолдаудың жаңа тәсілдері туралы баяндады. Оның айтуын­ша, қазір агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын тежеп тұрған бірқатар түйткілді мәселелер бар.

– Алдымен ауыл шаруашылығы дақыл­дары түсімінің төмендігін және де мал шаруашылығындағы өнімділіктің азд­ы­ғын атап өтуге болады. Ауыл шаруа­шы­лығымен айналысатындардың 60%-дан астамы мал шаруашылығымен емес, өсімдік шаруашылығымен шұғыл­да­нады. Өсімдік шаруашылығы халықты жыл бойы жұмыспен қамти алмайды. Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының 80 %-ы ескірген, – деді сала министрі. Ол атап өткендей, қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі Nur Otan партиясының ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру жөніндегі сайлауалды платформасын ескере отырып, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілетін өзгерістерді дайындаған.

– Қазір біздегі әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне 19 тауар енген. Оның ішінде 505 млн АҚШ доллары сомасындағы тек 6 тауар бойынша ғана импортқа тәуелдіміз. Атап айтқанда, 191,6 мың тонна немесе ішкі тұтынудың 49 %-на тең  құс еті, шамамен 30 мың тонна немесе импорт үлесі 39 % көлеміндегі шұжық өнімдері, 21,9 мың тонна немесе жалпы тұтынудың 46,5 %-ын құрайтын ірімшік пен сүзбе, 101 мың тонна немесе импорт үлесі 31,5 %-ға тең алма, шамамен 250 мың тонна немесе импорт үлесі 57,3 % көлеміндегі қант, 30,6 мың тонна немесе импорт үлесі 72 пайызға тең балық өнімдері бұл тізімге кіреді, – деген С.Омаров министрлік импорттан құтылу жолдарын қарастырғанын жеткізді.

– Жалпы алғанда, импорт алмастыру міндеті орта мерзімді перспективада 2024 жылға дейін іске асырылады. Бұл бойынша министрліктің нақты жоспары бар. Мысалы, жыл сайын кемінде 25 өнеркәсіптік тауарлы-сүт фермасын пай­далануға беру жоспарланған. Құс еті­нің импортын алмастыру үшін жылдық­қуаты 200 мың тонналық құс фабрика­ларын қосымша пайдалануға енгізу қажет. Алма импортын алмастыру үшін қосымша жыл сайын 1 600 гектар алаңда бақ өсіру керек. Бұл 105 мың тонна алма өндіруге мүмкіндік береді. 2020 жылы 1 655 гектарға арналған дайын жобалар бар. Қазір олар іске асырылып жатыр, – деді министр. Сонымен қатар ішкі на­рық­ты толықтай қантпен қамтамасыз ету  үшін жаңа 2 зауыт салу және жұмыс істеп тұр­ған 3 қант зауытына жаңғырту жүргізу, сондай-ақ қант қызылшасы егістерін ұлғайту мәселелері оң шешімін таппақ.

7 млн адамның жағдайы жақсарады

Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарла­масының жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов ауыл инфрақұрылымын дамыту үшін өңірлік стандарттар енгізілетінін айтты.

– Өңірлерді дамыту бағдарламасы 2014 жылдан бастап іске асырылуда. Он­да агломерацияларды, моно және ша­ғын қалаларды, сондай-ақ даму әлеуеті жо­ға­ры ауылдарды дамыту мәселелері қамты­лады. Жаңа бағдарламада басымдық­тар қалалық өсу орталықтарын – төрт ірі агломерацияны және өңірлік урбандал­ған аймақтарды, сондай-ақ тірек және спутниктік ауылдарды дамытуға бағыт­талған. Бұл елдің барлық өңірлерін дамы­туға және өңірлердегі өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ресурстарды шоғырландыру экономикалық тұрғы­дан тиімді болмақ. Қалаларда, аудан ор­та­лықтарында және ауылдарда инфрақұ­ры­лымды дамыту үшін өңірлік стандарттар жүйесі енгізіледі, – деді Р.Дәленов.

Ол атап өткендей бағдарламаның бірінші бесжылдығы биыл аяқталады. Бес жылдық бағдарламаның жүзеге асырылуы нәтижесінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалалары мен оған іргелес елді мекендердің халық саны 1 млн адамға артқан. Моноқалаларда сумен жабдықтау желілерінің тозуы – 10, электр желілерінің тозуы 12 %-ға төмендеді. Бес жыл ішінде 17 мың маманға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша тұр­ғын үй сатып алуға жеңілдетілген бюд­жеттік кредит берілді. Ауылдарды абат­тан­дыру бойынша 8 мың жоба іске асы­рылды. 700 мыңға жуық ауыл тұрғыны үшін инфрақұрылым жақсарды.

– Аталған іс-шараларға барлығы 252 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ сумен жаб­дықтауды және тұрғын үй салуды дамы­ту бойынша іс-шаралар жүргізілді. 2017 жылдан бастап тұрғын үй салу бойын­ша іс-шаралар «Нұрлы жер» бағдарла­масымен біріктірілді. 2020 жылдан бас­тап су тарту, су бұру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері де «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында іске асырылатын болады. Осы бес жылда инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 1,4 трлн теңге бөлінді, – деді министр.

Жиында белгілі болғандай, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауыл тұр­ғындарының 90 %-ы немесе 7 млн адам тұратын 3 477 ауыл дамиды. Бұл ауылдар сапалы инфрақұрылымға қол жеткізіп су, жарық, жылу, жол желілер тартылып мектептер, ауруханалар және әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтермек.

Министрдің айтуынша, бағдарлама аясында қаржыландыру базалық инженерлік инфрақұрылымға және әлеуметтік ны­сандарға бағытталады. Мемлекеттік және жергілікті бағдарламаларды қаржы­лан­дыру халық үшін қолайлы жағдайлар жасауға жұмсалатын болады. Бағдарла­маны жүзеге асыруға барлығы 1,3 трлн теңге бөлу көзделіп отыр. Оның ішінде ауылдарды дамытуға 2026 жылға дейін 900 млрд теңге бөлу туралы мәселе қосымша пысықталып жатыр.

Тақырыпты қорытындылау барысын­да А.Мамин соңғы 5 жылда Қазақ­станның ірі қалаларындағы тұрғындар саны 15 %-ға артқанын айтты. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға да назар аударды.

– Елбасының тапсырмасына сәйкес, таяу 7 жылда негізгі басымдық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына беріледі. Бұл шамамен 7 млн ауыл халқының өмір сапасын жақсартады, – деді Үкімет басшысы.