• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Шілде, 2013

Сириядағы жанжал бүкіл өңірге қатер

264 рет
көрсетілді

Сириядағы гуманитарлық ахуал күрт нашарлай түсуде, босқындар саны артып отыр. БҰҰ деректеріне сәйкес 7 миллионға жуық сириялық жедел гуманитарлық көмекке зәру болса, олардың жартысы – балалар. Көрші елдерге қашқан босқындар саны миллион адамнан асып кеткен.

БҰҰ Сириядағы қарулы қақтығыс салдарынан әр ай сайын шамамен 5 мың адам көз жұматынын көлденең тартуда. БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Антонио Гутеррьестің атап өткеніндей, Сириядағы жанжал болжамдалғанынан айтарлықтай ұзақ уақытқа созылуда, сондықтан оның салдары да тым ауыр. Және де бүкіл Таяу Шығыс өңіріне қатер төндіріп отыр.

 

Әскерилерді сотқа бермек болып отыр

Тағынан тайдырылған Мысыр президенті Мұхаммед Мурсидің отбасы әскерилерге қарсы сотқа шағымданбақ ниеті бар екенін мәлімдеді. «Қылмыс жасамаған адамды ұстауға немесе ұрлауға ешкімнің ешқандай қақысы жоқ», дейді осы орайда Мурсидің ұлы Мурси Усама.

Сондай-ақ, ол өзінің отбасы Мысырдың қорғаныс министрі Әбдел Фаттах әл-Сисиге қарсы халықаралық деңгейде құқықтық шара қолданатынын атап көрсетті. Усаманың сөзіне қарағанда, елде билік ауысқалы бері әкелерімен ешқандай байланысқа шыға алмай отырған көрінеді. Сонымен қатар, оның қайда екені, денсаулығы қандай жағдайда екені туралы да ештеңе білмейді екен. Мурсидің отбасын «Мұсылман бауырлар» қозғалысының мүшелері қолдап отыр.

 

Понтификтің сапарына наразылар бар

Рим Папасы Франциск бармақшы болып отырған Бразилиядағы шіркеуден қолдан жасалған жарылғыш құрылғы табылған. Шіркеу Сан-Паулу штатында орналасқан. Бұл туралы хабарлаған дерек көзінің мәліметіне қарағанда, жарылғыштың қуаты сұрапыл екен.

Рим Папасы Бразилияға понтифик ретіндегі алғашқы бір апталық сапары барысында храмға бүгін баруы тиіс болатын. Осы аралықта Рио-де Жанейродағы үкімет сарайында Рим Папасы Бразилия президенті Дилма Руссеффпен кездескен еді. Сол сәтте жүздеген адам шеруге шығып, өздерінің наразылықтарын білдірді. Полиция көзден жас ағызатын газ қолданып, демонстранттарды қуып таратты. Шеруге шыққандар сапарға орай Бразилияның 53 миллион доллар шығындайтынына наразылық білдірген-тін.

 

Қысқа қайырып айтқанда:

Кембридж герцогинясы Кейт Миддлтон ұл бала туған. Әзірше аты белгісіз нәресте Кембридж мұрагері болып табылады және Ұлыбритания королі тағынан үшінші үміткер болып есептеледі.

Қытайдағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 89 адамға жетті. 5 адам табылмай отыр. 515 адам зардап шеккендер қатарында болса, 60-ның жағдайы ауыр делінуде. Зілзала салдарынан 1,2 мың үй қираған.

Таиландтың орталық бөлігіндегі автомобиль апатынан 19 адам қаза тапты. Оқиға Сарабури провинциясында орын алған. Екі қабатты автобус жүк көлігімен соқтығысқаннан кейін отқа оранған.

Ливияның Бенгази портында қарулы адамдар Украина экипажының басқаруындағы Etel кемесін басып алған. Украина тарапы оқиғаны жаулық акциясы ретінде бағалап отыр. Кемеге жалпы құны 9,5 миллион доллар тұратын 600-дей автокөлік тиеліпті.

ЕО-да мемлекеттік қарызы ІЖӨ-нің 100 пайызынан асатын бес мемлекет бар. Олардың көшін Бельгия бастап тұрса, одан кейінгі «жүлделі» орындар Грекияның, Ирландияның, Португалияның, сондай-ақ, Италияның еншісінде.

 

Детройттай зардап шеккен қала жоқ

АҚШ-та рецессиядан Детройт секілді қатты зардап шеккен бірде-бір қала жоқ. 2007 жылдан бері шаһар тұрғындары екі есеге қысқарса, қазіргі кезде өтеуі еш мүмкін болмай отырған қарыз көлемі 18 миллиард долларға жеткен.

Енді Детройттағы қиын жағдай бүкіл елдегі өндірісті қалаларға қатер төндіруде. Ал қаланың өзіндегі ахуал автомобиль өндірісінде құлдырау басталысымен бірден күрт нашарлап кеткен. «Бірде-бір қала мұндай ауыр салдарды басынан өткерген жоқ, бірақ елде күн тәртібінде осындай проблемалары бар ондаған, тіпті жүздеген қалалар тұр. Қазіргі кезде АҚШ-тың кез келген индустриялық қаласы Детройттың кебін киюі әбден мүмкін», дейді сарапшылар.

 

Біртұтас Балтық армиясын құптамайды

Эстония қорғаныс министрі Урмас Рейнсалу жақында Латвия президенті Андрис Берзиньш айтқан Балтық елдері қарулы күштерін біріктіру идеясын сын