Ел көлемінде өтіп жатқан «Құқық тәртібі» арнайы шарасының нәтижесінде Алматы облысының аумағында көші-қон ережесін өрескел бұзған адамдар анықталды. Олардың қатарында 92 шетел азаматы бар.
- Қазіргі күні еліміздің миграция заңына қайшы әрекет жасаған шетел азаматтарының кінәсі дәлелденді. Жеке басын куәлендіретін құжаты жоқ 34 адам арнайы ұстау орынына қамалды, 11 адам мемлекеттік шекарадан шығарылды. Жалпы, «Құқық тәртібі» арнайы шарасының аясында облыс аумағында құжат тәртібін бұзған сегіз Эфиопия мен Сомали елінің азаматы, 2 түркиялық және 29 өзбекстандық анықталды, - деді облыстық Полиция департаментінің өкілі Серік Үпиев.
Айтпақшы, биыл Жетісуға заңсыз жолмен келген 1157 сырт ел азаматының жүріп-тұруына шектеу қойылған екен. Сондай-ақ виза ережесін бұзған 9,5 мың шетелдік анықталыпты. Жалпы, Алматы облысына келетін шетелдіктер ағыны жылдан жылға көбейіп отыр. Биыл бұл көрсеткіш бұрнағыдан 10,2 процентке өсіп, келушілер саны 251 752 адамға жетіпті.
Алматы облысы