Биыл еліміздің кәсіпкерлері үшін салық рақымшылығы жарияланған болатын. Ол бойынша төленбеген берешек сомаға есептелген үстеме проценттер алынып тасталып, негізгі қарызды ғана төлеуге мүмкіндік берілген еді. Қазір мемлекет тарапынан жасалған жеңілдікті пайдаланып, салық қарызын өтеуге ұмтылған кәсіпкерлер қатары көбейіп отыр.
Мысалға, Алматы облысы бойынша салық рақымшылығын алған шағын және орта бизнес өкілдерінің саны 89 мыңнан асты. Оларға 1 462,2 млн теңге сомасындағы негізгі қарызды төлеуге мүмкіндік беріліп, жалпы құны 506,8 млн теңге есептелген өсімпұл кешірілді.
Айтпақшы, тамыз айынан бастап жеке тұлғаларға арналған салық рақымшылығы жүріп жатыр. Яғни, шара шеңберінде жекелеген азаматтар өткен жылдардың салық міндеттемелері бойынша негізгі қарызын төлесе, оған есептелген өсімпұл жойылады екен.
- Әр түрлі себептер бойынша жеке тұлғаларда елеулі қарыз сомалары бар, мысалы, жылжымайтын мүлікті сатуға байланысты есептелген көлік салығы немесе жеке табыс салығы. Салық кодексіне сәйкес мерзімін өткізіп алынған күн үшін есептелетін өсімпұлдың мөлшері азаматтарымыздың жағдайын қиындатады.Осыған орай, өткен салық кезеңдері үшін жиналған қарыздары бар жеке тұлғалар ағымдағы жылдың соңына дейін негізгі қарызды өтеп, салықтық рақымшылықты пайдалана алады. Бұл ретте есептелген өсімпұлдар мемлекеттік кірістер органдарымен автоматты түрде есептен шығарылады, - дейді Алматы облысы ойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Төлеген Сәрсембаев.
Жалпы, жеке тұлғаларға жасалған салық рақымшылығына 35 209 адам ілігіп, 136,9 млн теңге өсімпұл есептен шығарылған. Ал өтелген негізгі салық сомасы 606,0 млн теңгені құрады.