• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Желтоқсан, 2019

Алғашқы халықаралық бағыт ашылды

287 рет
көрсетілді

Таяуда отандық алғашқы лоукостер FlyArystan компаниясы елордамыздан Мәскеуге қатынайтын алғашқы халықаралық ұшақ бағытын ашты. Әуе компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, Нұр-Сұлтан Мәскеу бағытындағы билеттің бағасы нарықтағыдан шамамен 60 пайызға төмен.

Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында елімізде ұшақ билеттерінің қымбат екенін сынға алып, Үкіметке осы мәселені шешу жолдарын қарастыруды тапсырғаны мәлім. FlyArystan ашқан жаңа бағыт осы олқылықты жоюға бағытталған қадамдардың бірі болып табылады. Нұр-Сұлтаннан Мәскеуге Airbus A320 ұшағымен бару құны – 19 999 теңге. Әуе компаниясының сайтынан алдын ала сатып алған жағдайда Ресей астанасына дейінгі үш сағаттан сәл-ақ асатын сапар үшін 9 999 теңге төлеуге мүмкіндік бар екенін айта кетейік.

AirAstana компаниясының президенті Питер Фостердің сөзіне қарағанда, отандық лоукостер ашылған 7 айдың ішінде еліміздің әуе тасымалы нарығы айтарлықтай дамып келеді.

 – Қазақстанның 8 әуежайынан ұшатын жолаушылар саны орта есеппен 35 пайызға көбейді. Қазан айында жаңа борт іске қосылғаннан кейінгі аралықта бұл көрсеткіш тағы біршама көтерілді. Біз өзімізді нарықтағы сенімді, халықтық компания ретінде көрсеттік деп санаймын. Қазақстанның түрлі аймақтарына ғана емес, басқа елдерге де барғысы келетін адамдар көп екеніне сенімдіміз, сол үшін де жаңа рейсті аштық, – деді ол.

Қазақстанның бас қаласынан келген Airbus A320 ұшағын Мәскеудегі Жуковский әуежайынан «Рампорт Аэро» АҚ бас директорының орынбасары Адександр Семенов бастаған арнайы топ салтанатпен күтіп алды.

– Қазақстанның алғашқы лоукостері алғашқы халықаралық бағыт ретінде біздің елді, біздің әуежайды таңдағанына өте қуаныштымыз. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта Жуковский әуежайы осы бағыттың ұзақ әрі табысты байланыстардың бастауы болуы үшін барлығын жасайды,– деді А.Семенов.

Әуе лайнері Нұр-Сұлтан қаласынан Мәскеуге күн сайын кешкі 22-10-да ұшып, Мәскеу уақытымен 22-40-та жетеді. Кері бағытта Мәскеу уақытымен 23:25-те ұшып, елорда уақытымен 05:35-те жетеді. Әуе компаниясының өкілдері бұл уақыт қазақстандықтардың Мәскеуде барынша көбірек уақыт өткізуіне ыңғайлы жағдай жасау үшін таңдалғанын айтады.

Мәскеудің іргесіндегі Жуковский әуежайының ашылғанына бірнеше жыл ғана болса да, Ресей астанасындағы тез үлкейіп келе жатқан әуежайлардың бірі екенін айта кетейік. Былтыр әуезжай қызметін 1 млн 200 мыңға жуық адам пайдаланып, алдыңғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 180 пайызға өсіпті. FlyArystan-ның 180 адамдық әуе лайнері келе бастағаннан кейін әуежайдың жолаушы қабылдау көрсеткіші кемінде 30 пайызға көтерілмек.