Алматы облысында онкология дертіне шалдыққандар қатары азаймай отыр. Облыстың медицина саласына бөлінген қаржы жыл сайын көбейіп, мемлекеттік қолдаудың барлық түрі жасалғанына қарамастан «аты жаман аурумен» ауыратын адамдар саны да өсіп келеді.
Мысалға, өткен 9 ай аралығындағы көрсеткіш бойынша тексеруден өткен тұрғындардың 21,2 процентінен онкология дертінің алғашқы белгілері анықталған. Арғы жылы бұл көрсеткіш тіркелген адамдардың 20 проценті шамасында болған екен. Ал сырқаттың III-IV стадиясындағы адамдар қатары Ақсу ауданында 12,5 проценттен 28,6 процентке, Кербұлақ ауданында 9,1 проценттен 22,2 процентке, Ұйғыр ауданында 30 процентке және Жамбыл ауданында да 16,3 процентке көбейсе, бұрын бұл дерт белгілері тіркелмеген Балқаш ауданында бірден 33,3 процентке артуы байқалды.
-Облыс онкологтарының жанқиярлық жұмысының нәтижесінде асқынған аурулардан қайтыс болатындар саны азайды. Өткен 9 айда 100 мың тұрғынға шаққанда 57,4 жағдай тіркелді, бұрнағы жылы бұл көрсеткіш 61,9 оқиғаға дейін болған. Аурудың алғашқы белгілерін анықтау барысында жекелеген аудандарда қауіп сейілді. Ақсу ауданында 13 проценттен 7,1 процентке дейін, Ескелді ауданында 29 проценттен 11,1 процентке дейін І стадиядағы науқас саны төмендеді, дейді Талдықорған қаласындағы облыстық онкология диспансерінің бас дәрігері Данияр Оралбаев.