«Бейнеу-Шетпе» трассасында «Газ-30232-244» маркалы автокөлікпен ешқандай құжаттары жоқ бауыздалған 3 бас жылқыны Ақтау қаласына алып бара жатқан жерінен Маңғыстау ауданы Полиция бөлімінің қызметкерлерімен тоқтатылған. Бұл туралы Маңғыстау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады.
Бейнеу АПБ қызметкерлері жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде аталған 3 бас жылқының иесі Боранқұл селосының тұрғыны екендігі анықталды.
Кейіннен белгілі болғандай, Боранқұл селосынан 30 шақырым жерде белгісіз біреулер өрісте жүрген 2 бас биесін және 1 бас айғырын мылтық қаруымен атып, содан соң атып алған 3 бас жылқыны сойып, белгісіз автокөлікке тиеп ұрлап кеткен. Келтірілген шығын сомасы – 1 350 000 теңге.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасының ҚК-нің 188-бабының 2-бөлігі 1-тармағымен СДТБТ-не тіркеліп, жан-жақты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Күдікті уақытша қамау абақтысында.