Биыл Алматы облысындағы жастар саясатын дамытуға арналған «Жастар жолы» іс-шаралар жоспары бойынша 11 жоба жүзеге асқан. Оған 56,7 млн теңге бюджет қаржысы жұмсалған.
Жоба облыстағы 10 аудан және қала бойынша жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін 18 арнайы орталық пен спорт залдарын ашуға ықпал етті.
Сондай-ақ биыл аймақта «Жасыл ел» штабының жұмысы жанданды. Нәтижесінде, штаб қызметі аясында 1904 жас жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 315 студент жоғарғы оқу орынында, 683 студент колледжде, 489 оқушы мектепте білім алса, тағы 417 жастың тұрақты жұмысы болмаған екен. Мұнан бөлек, «Жасыл ел» жасақшыларының қатарында көп балалы отбасылардан шыққан 384 адам, жағдайы төмен отбасыларынан шыққан 216 ұл-қыз, жартылай жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 12 адам және басқа санаттағы 49 жас өрен еңбек етіпті.
Айтпақшы, жыл басынан бері жұмыссыз жастарды тіркейтін бірыңғай базаға 253 жас кәсіп іздеп тіркелсе, оның жүз он екісі жұмысқа орналасқан. Ал 52 жас маман «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жұмысқа қабылданыпты.