• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Желтоқсан, 2019

Тараз-Түркістан бағытындағы тас жол ашылды

379 рет
көрсетілді

Жамбыл облысының Жуалы және Жамбыл аудандарының аумағында қарлы боран тұрып, оның салдарынан Жамбыл мен Түркістан облыстарын жалғайтын күре жол жабылған болатын. Жолдың көрінбеуі салдарынан көлік қозғалысы да қиындап, тіпті жолда қалғандар да кездесті.

Жамбыл облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Самат Құсайыновтың айтуынша, ауа-райының қолайсыздығына байланысты «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық маңызы бар автожолының Түркістан облысының бағытында және одан әрі қарай Түркістан облысының шекарасындағы Нұрлыкент ауылынан өтетін 534 шақырымында және Тараз қаласы бағытындағы 593 шақырымындағы жолдар жабылған. Дей тұрғанмен, жедел шешімдер қабылданып, қар құрсауында қалғандар құтқарылды.

Оқиғаға орай, облыстық Полиция департаменті басшылық құрамының қатысуымен 130-ға жуық полиция қызметкері және 32 қызметтік көлік тәулік бойы жолдарда кезекшілікте болып, жолдағы қауіптілік деңгейінің жоғары болуына орай жүргізушілерге елді мекендерден шықпауды ескертті. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері қар құрсауында қалған 466 көлік пен адамдарды шығарып, қауіпсіз жерлерге және жылыту пункттеріне жеткізді. Елді мекенде барлығы 6 жылыту пункті ашылып, 505 адам орналастырылды. Оның ішінде 7 адам көрші Қырғыз Республикасының азаматы.

«Полиция қызметкерлерінің екі тәулік бойы тынымсыз қызмет көрсетіп, жол жағдайын үздіксіз бақылауының нәтижесінде зардап шегушілер болған жоқ. Қазіргі уақытта ауа-райының тұрақтанып және жолдардың тазалануына байланысты Тараз қаласынан Түркістан облысы бағытындағы тас жол ашылды. Жүргізушілер қауіпсіздігі мен жол-көлік апаттарының алдын алу мақсатында аталған аумақтар Жамбыл облысы Полиция департаментінің бақылауында», дейді Самат Құсайынов.

 

Жамбыл облысы