Биғаш ауылында Бармақ батырдың құрметіне волейбол турнирі өткізілді. Жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерен ерлік көрсетіп, ұлан-ғайыр қазақ даласын жаудан азат ету жолында өмірін құрбан еткен баһадүрді еске алу мақсатында биыл тұңғыш рет ұйымдастырылған турнир енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ. Аудан әкімі Асхат Смаилов жарыстың ашылу салтанатында осылай деді.
Уақ Бармақ батыр қазақ тарихында өзіндік орны бар тұлға. Қаракерей Қабанбай батырдың сенімді серігі, қол бастаған баһадүр. Қазақ даласын басқыншылардан азат ету жолында өмірін қиған ұлт батыры.
«Батыр бейіті Биғаш ауылына қарасты Қызылбұлақ аумағында, Көкпекті өзенінің жағасында. Еліміздің барлық аумағын мекен ететін ұрпақтары жиналып, батырдың басына құлпытас, аудан орталығына кеудемүсін орнатты. 2017 жылы аудан орталығында Бармақ Батырды еске алуға арналған футбол турнирі өткізілді. Ағымдағы жылы қоғам белсенділері тарапынан Толағай ауылындағы негізгі мектеп пен аудан орталығындағы бір көшеге есімін беру жөнінде ұсыныстарын айтты. Аудан әкімі Асхат Смаиловтың тікелей мұрындық болуымен өткізіліп отырған волейбол турнирі батыр бабаның есімі ұрпақ жадында мәңгілік жаңғырып, ұмытылып қалмайтынын анық көрсетеді. 1992 жылдан бері қаңырап бос тұрған Биғаш мектебінің спорт залы биыл қайта жөндеуден өткізіліп, соңғы 30 жылдағы алғашқы үлкен шараның Бармақ батыр рухына арналғаны көп нәрсені аңғартады.
Турнирді ұйымдастыру жұмыстарының басында Спорт бөлімінің басшысы Ержан Кәрібаев, тәжірибелі маман Сәбит Темірханов, жаттықтырушы Алтай Мақсұтұлы, Білім бөлімінің маманы Талғат Қасаинов жүрді. Мектеп ұжымы да ерекше әзірленіпті. Ауылдағы әрбір шараның алдыңғы шебінен табылатын ардагер Қадыр Сембайұлы бұл жолы да белсенділік танытты. Сайыс қорытындысында сақа ойыншы Кәрім бастаған самарлық жас волейболшылар Бармақ батыр турнирінің жеңімпазы атанды. Аққала құрамасы 2 орынды місе тұтты. Көкжайық құрамасы 3 орынды олжалады» дейді аудандық «Жұлдыз» газетінің редакторы Дархан Бердібек.
Шығыс Қазақстан облысы,
Көкпекті ауданы