Кеше Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде қоғам қайраткерлері, БАҚ пен саяси партиялар өкілдері, бизнес қауымдастығы қатысқан кеңейтілген отырыс болып, онда экономиканың барлық саласы бойынша жаңа жылдағы жұмыс жоспары жарияланды. Отырысты жүргізген өңір басшысы Құмар Ақсақалов сөзді әр саланың басшыларына беріп отырды.
Алдымен ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ерболат Бекшеновтың, индустриялық-инновациялық даму басқармасының бастығы Арман Оразғұловтың, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Серiк Мұхамедиевтің және т.б. баяндамалары тыңдалды. Олардың айтуына қарағанда алдымыздағы жылы отандық және шетелдік 226,3 млрд теңге капитал өндіріске құйылып, соның арқасында 34 жоба іске асырылмақшы. Бұл жаңадан 3000 жұмыс орнын ашуға қол жеткізеді.
Соның ішінде агроөнеркәсіп саласына үстіміздегі жылы құйылған және жаңа жылда жалғасатын инвестияция көлемдері мен іске асырылатын жобалар туралы айтылды. «Жалпы, бұл сала бойынша 2020 жылы біз он үш ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Оларға 22,8 млрд теңге құйылып, жаңадан 300 жұмыс орынын ашу жоспарланған», деді Е.Бекшенев. Оның айтуына қарағанда облыс азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір амалы ретінде тауарлы-сүт фермаларын көкптеп құруға қатты назар аударуда екен. Мәселен, қазір «Қызылжар-Сүт» ЖШС сүт өндіруге 2,1 млрд теңге құйып, 720 орындық кешенді биыл салып үлгерген. Енді алдымыздағы көктемде 1,8 млрд теңгеге Австриядан 360 тұяқ сүтті сиыр жеткізбекші. Сөйтіп жаңадан 35 жұмыс орнын ашуды көздеп отыр екен.
Сүт фермасын ашуды көздеп отырған шаруалар бұдан басқа да бірнешеу болып шықты. Соның ішінде Ғабит Мүсірепов ауданындағы «Возвышенка СК» 600 орындық сүт кешенін салуды қолға алған. А.Нукаев басшылық ететін бұл ЖШС жобаға 1,2 млрд теңге құюға дайын екен. Сондай-ақ А.Сапаров басқаратын «Ноғайбай» ЖШС де осындай жобаны қолға алып отырған көрінеді. Осындай барлығы жеті тауарлы-сүт фермалары СҚО-да алдымыздағы жылы есігін ашпақшы.
Асыл тұқымды репродукторлар өндіру ісі де назардан тыс қалмайды. Ақжар ауданындағы Т.Арғынбаев басқаратын «Береке-Ақжар» ЖШС 2500 тұяқ осындай бұқа өсірмекші, сонымен қатар 3000 тұяқ мал семірту алаңын құруды көздеп отыр екен. Бұл істерге «Береке - Ақжар» барлығы 2,5 млрд теңгенің қаражатын құймақшы. ЖШС қазірдің өзінде аталған малдарды сатып алу жөнінде Австралияның «Австралтикс» фирмасымен келісімшарт жасап қойған.
Осындай мал семірту алаңдарын «Елецкое» ЖШС, «Жерқуар» агрофирмасы, «Астық сату компаниясы» ЖШС қолға алып отыр. Олардың әрқайсысы бұл іске 2 -3 млрд теңгеден ақша құяды. Құс етін өндіру бойынша «Якорьская птицефабрика» ЖШС өндірісті дамытуға 0,6 млрд теңге құйып, құс санын қосымша 75 мыңға арттырмақ, бұл жұмыртқа өндіру көлемін тәулігіне 100-ден 150 млн данаға дейін арттырады деп күтілуде.
Ет-сүт өнімдерін шығару бойынша алдағы жылы СҚО-ның «Масло Дел» ЖШС атты ірі фирмасы өндіріске 4,2 млрд теңге құйып, жылдық қуатын 32 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Швейцарияның Эксойл Групп май шығару зауытымен бірлескен жаңа кәсіпорын салу бойынша келіссөздер жүргізілуде екен.
Құрылыс саласы бойынша айтылғанда құрамажем шығаратын «KAZMEAL» зауыты іске қосылып, 76 жұмыс орны ашылғаны белгілі болды. Бұған құйылған инвестиция көлемі 4,2 млрд теңге болып, жылдық қуаты 360 мың тонна екені жеткізілді. Сонымен қатар көптен іске қосылмай тұрған «EMC Agro» ет қомбинаты толық жөндеуден өткен. Бұл іске 5 млрд теңге салынып, жаңадан 78 жұмыс орны ашылған. Қазір ет комбинаты тәулігіне 50 тонна өнім дайындай алады.
Сонымен бірге облыс орталығында көптен бері қаңырап тұрған орында «Dostyk Mall» сауда орталығы іске қосылып, оған мемлекет пен жекеменшік капитал бірлесіп 5,4 млрд теңге инвестиция құйғаны айтылды. Қазір қалалықтардың көзайымына айналған бұл орын шаһардың да сәнін арттырып тұр.
«Қызылжар» арнайы экономикалық аймағына Түркияның YDA Holding компаниясы қызығушылық білдіріп, 500 орындық аурухана кешенін салуды көздеп отырғаны да айтылды. Бұл істі іске асыру үшін «Petropavlovsk City Hospital» ЖШС құрылған екен, ал 12 желтоқсанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұйрығымен аурухана кешені басымды бағыттағы құрылыс қатарына енгізіліпті. Сондай-ақ фанера зауыты, шрот шығаратын цех, термовагондар зауыты, электротехникалық кәсіпорын және ағаш өңдеу зауыты іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Ал Айыртау ауданында отандық инвестор «Energo Trust» ЖШС желдің күшінен қуат алу паркін салуды жоспарлап отырған көрінеді. Жалпы облыста барлығы 25 жел генераторы орнатылады деп күтілуде. Егер олардың бәрі орнатылса 50 мегаватт электр қуаты өндірілмек. «Бұл жобалар өңір экономикасына тың серпін береді. Біздің мақсат экономиканы аграрлы-индустриялы ету. Жаңа кәсіпорындар ашып, өндіріс көлемін ұлғайту керек», - деді Құмар Ақсақалов отырысты қорытындылаған сөзінде.
Міне, қысқаша айтқанда Солтүстік Қазақстан облысының жаңа жылдағы экономикалық жаңалықтары осындай болмақ.
Солтүстік Қазақстан облысы