Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшу уақыт талабы екенін айтқан болатын. Шынында да бұл бастаманың ұлттың рухани өмірінде де елеулі құбылыс болғаны рас. Бұл орайда білікті ғалымдар бастаманың жүзеге асуына өзіндік үлесін де қосып келеді. Латын әліпбиінің маңыздылығына арнап Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Латын графикасы: түркілік тұтастық және жаһандық ақпараттық кеңістік» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды.
Конференция жұмысына отандық және шетелдік ғалымдар қатысты. Атап айтқанда, Әзербайжан Республикасы Баку мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ф.Агаева, Өзбекстан мемлекеттік университеті және Ажинияз атындағы Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты А.Пирниязова, Түркия мемлекеті Хасеттепе университетінің профессоры, PhD докторы Халил Четин, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Қалшабеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы М.Көпбаева баяндама жасап, латын графикасына негізделген әліпби мен емле ережелердің лингвистикалық аспектілері, түркі руханияты мен жаңа қазақ әліпбиіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Латын әліпбиінің түркі дүниетанымында алатын орнына тоқталып, бұл бастаманың қазақ ұлтының саяси-рухани өмірінде де маңызды екенін жеткізді.