• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Желтоқсан, 2019

СҚО-да Үкіметтік емес ұйымдардың жылдық нәтижесі қаралды

199 рет
көрсетілді

Кеше СҚО әкімінің орынбасары Руслан Әлішев облыстағы бірнеше аудандағы ҮЕҰ жұмысының жылдық нәтижесін қарап, алдағы уақытқа белгілеген жоспарларын талқылаған отырыс өткізді.

Азаматтық қоғамды дамытатын институттардың қатарында Үкіметтік емес ұйымның атқаратын рөлі зор. Дамыған шет елдерде ҮЕҰ билік қабылдайтын барлық шешімдердің негізгі бөлігіне ықпал ете алады. Толып жатқан патриоттық, жастар, әлеумет, денсаулық сақтау, құқық жұмыстары ҮЕҰ араласуымен ғана шешіледі. Ал біздегі ҮЕҰ көбі өкіметтің қабылдаған бағдарламаларын іске асыруға қосалқы көмекке қана жарайтын сияқты. Өздігінен жаңа жұмыстар ұсынып жатқан ҮЕҰ көзге түсе қоймады. Мәселен, бірінші болып талқыланған Айыртау ауданында 24 ҮЕҰ бар екен, олардың бәрінің «ысқырығы жер жарғанмен айдағаны бес ешкі». Жетім балалар мен оларды қолдау, гендерлік саясатты жүзеге асыру, құқық қорғау сияқты салаларда лоттарды ұтқан олар екі жобаны ғана іске асырыпты. Аудан экономикасының басымды бағыттарының бірі деп танылған туризмді дамыту бойыншка ҮЕҰ қандай ұсыныстар мен пікірлер жасады, бұл салаға лоттар берілді ме деген сұрақтарға жауап табылмады.

Уәлиханов ауданында да он екі ҮЕҰ бар екен, бірақ бұлардың іске асырғаны да екі жоба. Оның өзі өкіметтік органдар жасап жатқан «мерейлі отбасы» мен жастар саясатын іске асыруға бағытталған шараларға көмек. «Жастар форумы», «жастар слеті» деген сияқты өкіметтік органдардың өткізген шараларына ат қосып, сонымен үкіметтік емес ұйымның жұмысын тиянақтаған екен.

Талқыланған аудандар арасында тайыншалықтардың жұмысында ғана бір белсенділік нышандары бар сияқты. Олар алдымыздағы жылы аталатын мерейтойлық шараларға бөлінетін лоттарын анықтап қойыпты. Сондай-ақ «жас сарбаз», «антитеррорлық шаралар» деген сияқты жұмыстарды да белгілеген екен.

Отырысты қорытындылаған Р.Әлішев аудандардағы ҮЕҰ жұмысын жандандыруға тиісті әкімдердің орынбасарларына проблемалық мәселелердің карталарын жасап, нақ соларды іске асыруға лоттар беріп, ҮЕҰ күшін бағыттау керек екендігін айтты.

Сондай-ақ отырыста республикалық «Серпін» бағдарламасымен Петропавл қаласына оқуға келіп, мемлекеттік грантпен оқып, алайда мамандық алғаннан кейін кетіп қоятын жастарды жергілікті елмен, жермен таныстырып, тарихты білгізіп, аға ұрпақ өкілдерімен, жергілікті өнерпаздармен, жастармен кездестіріп, қоян-қолтық араластырып, киелі жерлерге саяхаттар жасатып, сондай-ақ аудандардағы шаруа қожалықтарын, кәсіпкерлерді көрсетіп жерсіндіруді мақсат етіп құрылған «Тамыр жаю» ҮЕҰ тұсауы кесілді. «Мұндай ұсыныс бұрын бізге түспеген еді, бұл жобаны біз қолдаймыз», деді Руслан Әлішев.