Шетел асып, ем іздемейсіз. Жуырда облыс орталығында ашылған Онкологиялық орталықтағы компьютерлі томография ағзаның бірнеше қабатынан өтіп, өте төмен сәулемен айқын көру мүмкіндігіне ие. Тұрғындар Корея, Израил, Германияға бармай-ақ, өңірде емделе алады. Жаңа технологиялар толық сәулелі терапияның нәтижесін үш күн ішінде алуға мүмкіндік береді. Рентген құрылғы, ота жүргізуге қажетті радиожиілікті абляция аппараты мен эндо-видеохирургиялық құрал-жабдықтар орнатылған.
Орталық директоры Мұрат Сүлейменовтің айтуынша, жаңа орталықта бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емхана және 200 орындық онкологиялық диспансер бар. Жалпы, Павлодар өңірі қатерлі ісік көрсеткіші бойынша елімізде 3-орында. Жыл сайын облыстық онкодиспансердің бірінші реттік есебіне 2300 тұрғын тіркелсе, аурухананың жалпы есебінде қазір 11 мың адам бар.
Ауасы өндіріс орындарының түтінімен ластанған өңірде қатерлі ісік көрсеткіші жоғары. Бұл жағдайды жергілікті онкологтар ауруды ерте бастан анықтау көрсеткішінің көбеюі нәтижесінде анықтаған. Жаңадан ашылған орталықта енді жылына 1,5 мыңнан астам ота жасалмақ. Орталық құрылысына 7 млрд теңге, ал заманауи құрал-жабдықтарға 4 млрд теңге қаржы жұмсалған.
Жылына мыңнан аса ота жасау үшін орталыққа компьютерлік томография, магнитті резонансты томография, бейне-лапроскопиялық сияқты жаңа заманауи қондырғылар орнатылды. Қатерлі ісік ауруларын емдеудің озық үлгілері қолданысқа енгізілуде. Енді бұл ауруға душар болған адамдардың өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік бар.
Ең бастысы, онкологиялық орталық құрамында емхана, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана, офтальмологиялық бөлім, диагностикалық орталық қызмет көрсетеді.
– Орталықта 400-дей адам жұмыс істейді. Тәуліктік стационарда науқастар ем қабылдайды. Бұрын ота жасағаннан кейін науқас 12 күн ауруханада қалса, енді 3-5 күн ғана болады. Онкологиялық дертке шалдығу күдігімен тексерілу аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, кейбір зейнеткерлерге тегін. Тұрғындарға мамандандырылған онкологиялық көмектің көлемін кеңейтіп, сапасын арттыру, науқастарды оңалту үшін онкоорталықта стационарлық бөлімшелерді, жеке операциялық-реанимациялық блок, емхана бөлімшесін, радиологиялық бөлімшенің жеке 4 корпусын ашу жоспарлануда, –дейді Мұрат Сүлейменов.
Бас дәрігердің айтуынша, аурулардың ішінде бірінші орында сүт безінің қатерлі ісігі тұр. Сондай-ақ тері, өкпе, асқазан қатерлі ісігіне шалдыққандар да жиі кездесуде.
Енді, міне жаңа заманауи диспансерде диагностикалық зерттеулердің сапасы да, емдеу нәтижесі де жақсара түспек.
Мысалы, сәулелі диагностика терапиясының дәрігері Мәдина Ибраймованың айтуынша, 64 кескінді компьютерлі томограф ағзаның бірнеше қабатынан өтіп, өте төмен сәулемен көріністі айқын көре алды. Жаңа технологиялар толық сәулелі терапияның нәтижесін үш күн ішінде алуға мүмкіндік береді.
Бұл жөнінде өңірге жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Бұл онкологиялық диспансер тек жаңа ғимарат емес, жаңа технологиялардың шоғыры» деп атап өткен-ді.
– Мысалы, томограф ісіктің нақты көлемін анықтайды, ал желілік үдеткіш сол ісіктің нақ өзін ғана сәулелендіреді. Ісіктің айналасындағы сау жасушаларға зиян келмейді. Бірнеше күнде оң нәтижесін байқауға болады. Елімізде дәл осындай төрт құрылғы бар. Заманауи медициналық қызметті Павлодардағы онкологиялық диспансерде де алуға болады, – деген-ді министр.
Тіпті қауіпті дертті ерте кезден анықтап, дер кезінде тиісті көмек көрсету үшін келесі жылдан бастап өңірдегі кәсіпорындарда жұмыс істейтін, жасы 35-тен асқан адамдарды скринингтен өткізу мәселесі де қарастырылуда.
Жалпы, облыс орталығындағы «Онкологиялық диспансердің құрылысы» инвестициялық жобасын іске асыру арқылы өңір тұрғындарын жоғары технологиялық емдеу-диагностикалық әдістемелерді пайдалана отырып, қазіргі заманғы деңгейде мамандандырылған онкологиялық көмек ала алады. Жаңа жұмыс орындары құрылып, медициналық қызметкерлердің жұмыс жағдайы жақсарады. Жас дәрігерлер онкологтарды күтеді.
Жаңа кешенді іске қосу «Онкологиялық ауруларлы емдеудің 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарын» орындау бойынша Жол картасының іс-шараларын іске асыруға мүмкіндік береді.
Павлодар облысы