• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Экономика 01 Қаңтар, 2020

2020: шикізат бағасы һәм теңге бағамы

539 рет
көрсетілді

Өткен жылдың соңғы апталарында мұнай бағасы мен доллардың теңгеге шаққандағы бағамы қайта-қайта құбылды. Бұл, әрине біздің ел үшін біршама тиімді болды. 2020 жылы шикізат нарығындағы оптимизм мен ұлттық валютаның салмағы қаншалықты сақталмақ? ОПЕК+ келісімшарты жеміс беріп баға тағы өсе ме? Әлде АҚШ-Қытай текетіресі одан әрі шиеленісіп, дағдарыс күшейе ме? Мұның бәрі теңге бағамына қалай әсер етеді?

 

Желтоқсан айын 61-62 доллар арасында бастаған баррель бағасы ай соңында 68 доллардан бір-ақ шықты. Жыл бойы орташа баға 65 доллардың айналасында болды. Былтыр ел бюджетінде мұнай бағасы 55 доллармен есептелген-ді, 2020 жылы да Үкімет осы көрсеткішті межелеп отыр. Жалпы, 2020 жылы мұнай бағасына әсер ететін негізгі үш фактор аталады. Ол Таяу Шығыстағы ахуал, АҚШ-Қытай қатынасы және ОПЕК+ келісімшарты. Алғашқы екеуі АҚШ-тағы президенттік сайлауға тікелей қатысты.

АҚШ-тағы сайлаудың әсері

Былтыр жазда Сауд Арабия­сындағы мұнай өңдеу зауыттарына қарулы шабуыл жасалып, артынша Парсы теңізінде қақтығыстар болғанда мұнай 70 долларға дейін қымбаттағаны есі­мізде. Биыл бұл аймақ салыстырмалы түрде тыныш болуға тиіс. Қандай да бір текетірестер болса да, АҚШ мәселені жылы жауып қоя салады. Себебі Ақ үй сайлау кезінде сыртқы мәселелерге алаңдағысы келмейді.

Сонымен қатар 2016 жылғы президенттік сайлауда елдегі мұнай нарығын шектеуге уәде бер­ген демократтар керісінше мұ­най компанияларына еркіндік беріп, өндірісті ұлғайтып, баға­ны түсіруді көздеген респуб­ли­ка­­лықтардан ұтылып қал­ғаны белгілі. Трамптың прези­дент­тігі­нің алғашқы күнінен бері олар­дың ОПЕК-ті бағаны қолдан көтеріп отыр деп айыптап келе жат­қаны соның айғағы. Ақ үй бас­шысы үшін шикізат құны әлі де бол­са қымбат, дегенмен ОПЕК нарықта тепе-теңдік орнағанын айтады.

Сайлаудың әлемдік экономи­каға тағы бір ықпалы АҚШ-Қытай арасындағы әзірге бітіс­пес сауда соғысынан көрініс тап­пақ. Протекционистік саясатты бастаған Трамп Қытаймен «со­ғы­сып» тынды. Қазір екі ел мың­нан астам тауар түріне баж салығын салып немесе өсі­ріп жібер­ген. Алдағы бірер жыл­да тіл табыса қоятынға ұқса­май­ды. Тіп­ті сауда соғысы кәдім­гі қарулы қақ­тығысқа ұласуы мүм­кін деген­ді айтушылар да бар. Оның үстіне еркін на­рық­­ты қолдаушы демо­крат­тар да Қы­таймен арада­ғы сау­да­ға қа­тысты пікірлерін өз­герт­­кен. Са­рапшылардың пікі­рін­ше, де­мо­краттар атынан пре­­­зи­­дентікке үміткер Майкл Блум­­берг пен Элизабет Уар­рен­нің бағдарламаларында Қытай әріптес ретінде емес, қатер ретін­де көрсетіліп, екеуі бұл мәселеге қатысты Трамптан да қатал қарап отыр.

Әлемдік шикізат нарығына АҚШ-тағы президенттік сайлау­дың нәтижесінен гөрі сайлау науқанының әсері күштірек болмақ. Сайлауалды науқан ба­ры­сында геосаяси ахуал тұрақ­ты болса да, Қытайға қарсы қатаң риторика мұнай бағасын төмен­детіп жіберуі мүмкін.

 ОПЕК+ өз дегеніне жетті ме?

2016 жылдан бері өзара ке­лі­сіп өндірісті азайтып келе жат­қан ОПЕК-ке мүше елдер мен ұйымға кірмейтін мұнай экспорттаушы елдердің әрекеті жеміс бере бастады. Қор нарығы мұнай бағасын әлі де өседі деген сенімде. Алайда, таяуда Ресейдің энергетика министрі Александр Новак биыл Ресей ОПЕК ұйы­мынан шығуы мүмкін екенін айтып қалды. ОПЕК елдерінің өндірісінің үштен біріне ие Ресей ұйымнан шығып кетсе, демек өндірісті азайту туралы шартты да орындауы неғайбыл деген сөз. Әрине мұның бәрі – нарыққа қосымша қысым. Новактың өзі бұл бағаға әсер етпейтінін мәлім­дегенімен, нарықтағы саудагерлер оған сене қоймады.

2016 жылдың соңында мұнай экс­порттаушы елдер ұйымы мен ұйымға кірмейтін өзге де мемле­кеттер Венада өзара келісіп, мұ­най өндірісін тәулігіне 1,8 млн бар­­рельге азайтуға уағдалас­қан еді. Са­лыс­тыру үшін айта кете­йік, Қазақ­стан тәулігіне дәл о­сын­­дай кө­лемде мұнай өнді­реді. Ал келі­сім бойынша тәулі­гіне 40 мың бар­рельге азайту міндеттемесін алды.

Александр Новактың пікірін­ше, мұнай нарығы 2016 жылдан бері тұрақталды. Қазір бұ­рын­ғыдай нарықта ұсыныс сұраныс­тан көп емес. Сондықтан ОПЕК+ келісімшарты үзілген күннің өзінде де шикізат құны әрі кетсе 60 долларға төмендеуі мүмкін. Ресей­дің энергетика министрі осы­лай деп сендіргенімен, нарық­тың мұндай қадамдарға тым консерватив келетіні жасырын емес. Министрдің осы мәлімдемесінің өзі кеше мұнай бағасын 67 доллардан 66 долларға төмендетіп жібергенін айта кету керек.

Жалпы, ОПЕК+ келісімі 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін деп бекі­тіл­ген еді. Егер оған дейін мүше мемлекеттер ортақ сөзге тоқ­тай алса, бағаны әлі де болса ұс­тап тұруға болады. Олай бол­маған жағдайда шынымен де қара алтын құны 60 доллардан да түсіп кетуі мүмкін.

Теңгенің бағамы бұлыңғыр

2019 жылы доллардың тең­геге шаққандағы бағамының тө­мендеуіне барлық алғышарт бол­ды. Мұнай бір жылда 10 па­йыз­дай қымбаттап, 60 доллар­дан 66 долларға дейін өсті. Екін­шіден, АҚШ Федералды резерв жүйесі доллардың база­лық мөлшерлемесін үш рет қатарынан төмендетіп, жыл басында 2,0-2,25 пайыз аралығында болған базалық мөлшерлеме жыл соңында 1,5-1,75 пайыз ара­лығына дейін түсті. Нәти­жесінде көптеген дамушы елдердің валюталары нығайды. Мәселен, Ресей рублі 9 пайыз, Мексика песосы 4,1 пайыз, Индонезия рупиясы 3 пайыз, Оңтүстік Африка ран­ды 2,2 пайыз нығайды. Ұлт­тық банктің мәліметінше, теңге баға­мы 1 пайыз күшейген. Дегенмен жыл басынан бергі динамикаға көз жүгіртер болсақ, доллардың тең­геге шаққандағы бағамы кері­сінше 377-ден 380 теңгенің үстіне дейін көтеріліп кетті.

Жоғарыда айтқанымыздай, келер жылы шикізат нарығы биылғыға қарағанда тұрақсыздау болатынға ұқсайды. Олай болса, ұлттық валюта үшін де жақ­сы жаңалықтар көп болмауы мүмкін. Егер елде қолға алын­ға­лы жатқан экономикалық рефор­малар қарқын алып, соның ішін­де өңдеуші өнеркәсіпке сырт­тан қаражат салына бастаса, төл валютаға сұраныс артар еді. Дегенмен, бизнесті қаржы­лан­дыру сырттан емес, бюджеттен жүргізілуде.

 Қолдан жасалған инфляция

Үкімет пен Ұлттық банк инфля­цияны 2021 жылға дейін 3-5 пайыз аралығына дейін тө­мен­детуге тырысып жатқа­ны­мен, биыл инфляция 2019 жылғыдан төмен болмауы мүмкін. Ұлттық банктің алдын ала мәліметінше, былтыр теңгенің құнсыздануы, яғни тауарлардың қымбаттауы 5,7-5,8 пайызды құрады. Келер жылы да осы көрсеткіш сақта­лады деп болжануда.

Жалпы, 2019 жылғы инфляция «өзімізден болды». Сыртқы факторлардың бәрі салыстырмалы түрде қолайлы еді. Аз да болса мұнай қымбаттап, доллар­дың теңгеге шаққандағы бағамы ең тұрақты жыл болды. Оның үстіне ең басты сауда әріптесіміз Ресейдің валютасы жоғарыда аталғандай 9 пайыздан астам нығайды. 4-6 пайыз деп бекітілген инфляцияның дәлізден шығып кете жаздағаны ең алдымен ішкі әлеуметтік ахуалға байланыс­ты. Былтыр әлеуметтік саясат күшейіп, жалақы мен әлеуметтік төлемдер айтарлықтай өсіп, халық­тың сатып алу қабілеті артты. Нәтижесінде күнделікті тұтыну тауарлары қымбаттады.

2020 жылы жоспарлы көбейту болғанымен, 2019 жылдағыдай халықтың тұтыну қабілеті жаппай көтерілмес. Тиісінше инфляция­ға кезектен тыс себеп жоқ. Ең бас­тысы, жергілікті атқарушы органдар мен монополияға қарсы орган тиісті жұмыс істеп, Ұлттық банк сауатты фискалды саясат жүргізсе, инфляция бекітілген 4-6 пайыздан шықпайды.