Былтыр жыл жабылуға жақын қалған тұста Президент Қ.Тоқаев «2020-2022 жылдарға арналған «Республикалық бюджет туралы» Заңға қол қойды. Жаңа құжаттың жай-жапсары қалай? Бюджет шығындары мен табыс қалай жоспарланды?
2020 жылы республикалық бюджеттің табысы 11,2 трлн теңгені құрайды деп жоспарланып отыр. Оның 7,9 трлн теңгесі салық түсімдерінен, 121,1 млрд теңгесі салықтық емес түсімдерден, 4,4 млрд теңгесі негізгі капиталды сатудан, 3,1 трлн теңгесі трансферттерден түсуге тиіс. Бюджет шығындарының көлемі 12,4 трлн теңгеге жетіп, сәйкесінше тапшылық 1,5 трлн теңге төңірегінде болады деп бекітілді.
Биылдан бастап республикалық бюджетке ірі кәсіпкерлік субъектілерінің ғана корпоративтік табыс салығы түспек. Шағын және орта бизнестен келетін корпоративтік табыс салығы аймақтық бюджеттердің еншісінде. Алайда, Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырмаға орай шағын және орта бизнес табыс салығынан босатылғаны белгілі. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бұл өзгеріс аймақтардың бюджетін біраз табыстан айыратыны түсінікті.
Донор облыстар республикалық бюджетке 420 млрд теңге аударады деп жоспарланды. Ең мол табыс әкелетін өңірлердің тізімінде бұрынғыдай Атырау облысы көш бастап тұр – 207 млрд теңге. Одан кейінгі орындарға Алматы қаласы (171 млрд), Нұр-Сұлтан (32 млрд), Маңғыстау облысы (8,2 млрд) жайғасты.
Республикалық бюджеттен аймақтарда 36 бағыт бойынша жұмыс жүргізуге 2,1 трлн теңге қарастырылды. Атап айтқанда, Ақмола облысына – 144 млрд теңге, Ақтөбеге – 108 млрд, Алматы облысына – 200 млрд, Шығыс Қазақстанға – 215 млрд, Жамбылға – 194 млрд, Батыс Қазақстанға – 74 млрд теңге, Қарағанды облысына 142 млрд теңге бағытталады. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау, атаулы әлеуметтік көмек төлеу, медициналық нысандарды материалдық-техникалық жабдықтау, ұстаздар мен мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясындағы жобаларды қаржыландыруға және де басқа 36 бағытқа жұмсалмақ. ІІ Дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығын атап өту шаралары да осы санатта.
«Республикалық бюджет туралы» Заңда ең төменгі күнкөріс мөлшері мен зейнатақы белгіленіп, айлық есептік көрсеткіш бекітілді. Сонымен, қазіргі таңда ең төменгі зейнетақы көлемі – 38 636 теңге, төменгі базалық зейнетақы мөлшері – 16 839 теңге болды. Елдегі ең төменгі еңбекақы 42 500 теңгеге көтерілді. Айлық өсептік көрсеткіш – 2 651 теңге.