• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Экономика 06 Қаңтар, 2020

Әлемдік қаржы дағдарысы – Жаһан елдерін дағдарыстың жаңа толқыны шарпуы мүмкін бе?

854 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік банк сарапшылары АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының кесірінен алдағы уақытта дүниежүзілік экономикалық дағдарыс туындауы мүмкін екенін айтып дабыл қағады.

Жаһанданудың кері әсері

АҚШ пен Қытай арасын­дағы сауда қатынасы соңғы он­жыл­дықта түрлі келіспеушіліктерге негіз болып келді. Дегенмен, 2018 жылдан бастап мәселе әб­ден ушығып, сауда соғысына ұлас­ты. Салдарынан қысқа ме­р­зім­де халықаралық сауда бәсең­деп, қаржы дағдарысы туын­дауы ықтимал. Ал ұзақ мер­зімді болашақта мәселе, тіпті күр­­деленіп, Дүниежүзілік сау­­да ұйымы мен Еуропалық одақ екі держава арасындағы келіс­­пеу­­шілікте қай жағына шы­ғарын білмей, халықаралық сау­даға кедергісін келтіруі ықтимал. Бұл туралы Дүниежүзілік сауда ұйы­мының экономистері айтады. 

Трамп президент болып сай­лан­ғаннан кейін АҚШ Қы­тайдан келетін темір мен болатқа салынатын баж салығын көтеріп жіберді. Артынша Қытай Құрама штаттардан импортталатын соя секілді егістік өнімдеріне баж са­лы­ғын көтерді. Кейін бұл тізім бір­те-бірте көтеріліп, қазір тараптар өзара саудада мыңнан астам өнім түрлеріне баж салығын өсі­ріп қойды. Сырттай қарағанда мәселе тек осы елдерге ғана қа­­тыс­­ты болып көрінгенімен, Халықаралық валюта қоры сарапшылары мәселенің жаһандық сипатқа ие екенін айтады. ХВҚ мәліметінше, қос ел арасындағы сау­да соғысы 2008 жылдағы қар­жы дағдарысынан бергі ең үлкен жа­һандық экономикалық дағда­рысқа айналмақ.

Жалпы, АҚШ президентінің сай­­лау­ал­ды ри­то­ри­касында да, одан кейін­гі пози­ция­сында да әлемдік эко­но­мика мен халық­аралық сауда­ның жаһандануы­нан Құрама штат­тардағы қара­пайым жұмыс­шы­лар, яғни орта тап пайда көріп отырмағаны айтыл­ғаны мә­лім. Яғни, АҚШ эконо­микасы дамы­­ға­нымен, кә­сіп­керлер ішкі жұмыс күшін қым­бат­сынып, Ла­­тын Аме­рика­сы мен Азиядан келе­­тін ең­бек миг­рант­тарын жұ­мыс­­қа ал­ды, мұ­­ның бәрі жергі­лікт­і еңбек на­ры­­ғын­­дағы бәсеке­лес­тікті арттырды.

Тиісінше, америкалықтардың еңбек шарттары төмендеп кеткен. Оған қоса технологияның дамуы да орта тап жұ­мыскерлердің еңбектеріне де­ген сұра­нысты төмендеткен. Респуб­ликалық пар­тиядан, яғни орта таптың аты­нан сай­ланған Трамп әлем экономи­касы мен ха­лықаралық саудаға «соғыс ашуға» түрткі болды.

 Қытай дамушы ел ме, дамыған ел ме?

Трамптың Қытайдан келетін өнімді тежеуіне екінші бір себеп Дүние­жүзілік сауда ұйымының кей заңна­маларына барып тіреледі. Оның халықаралық ұйымдар мен одақтарды ұната қоймайтынын бәрі біледі. Бірақ ол да негізсіз емес. Америкалық тұр­ғыдан қарағанда Ақ үй басшысымен де келісуге болады. Мәселен, Еуро­па қауіпсіздігін қорғау үшін құрыл­ған НАТО-ға ең көп қаржы бөлетін еу­ропалықтардың өздері емес, мұхит­тың арғы жағындағы АҚШ. Сол се­кілді, Трамп ДСҰ-да да «ақылға сый­майтын» ережелер бар екенін айта­ды. Дүниежүзілік ұйымға мүше мемле­кеттер өзара саудада белгілі бір тауар­ларға баж салығын көрсетілген көрсет­кіштен асырмауы тиіс. Бұл – ұйымның ережесі. Дегенмен, дамушы елдер үшін жеңілдіктер де қарастырылған. Мә­селен, Қазақстан секілді дамушы елдер Нидерланд секілді дамыған елдерден келетін кей тауарларға баж салығын қалағанынша көтере алады. Бұл дамушы елдерді қолдау үшін қабылданған ортақ шешім.

Ал мұның АҚШ пен Қытай ара­сындағы сауда соғысына қандай қаты­сы бар дегенге келсек, Қытай ДСҰ-ға кіргенде дамушы ел ретінде қабыл­данды. Ал қазір Аспанасты елін да­мушы ел деп айтуға болмайды. Трамптың пікірі де осы. Қытай – да­мыған ел. Сондықтан Бейжіңге Қыр­ғыз­стан мен Непалға берілетін жеңіл­діктерді бермеу керек. Алайда ДСҰ өкілдері Трамптың бұл уәжіне келісе қоймады. Нәтижесінде Трамп өз бетінше «әділдік орнатып», Қытайдан келетін тауарларға ДСҰ ережесіне қа­ра­мастан баж салығын көтеріп тас­тады. Ал Қытай, әрине, өздерін әлі де дамушы ел санайды. ДСҰ жеңіл­дік­терін алу үшін оларға дамушы ел деп танылғаны тиімді. ДСҰ әзірге Қытайды жақтап отыр. Бұл жерде ДСҰ-ның да ұстанымын түсінуге болады. Қытай экономикалық қуатты ел болғанымен, халықтың жағдайы мен өмір сүру стандарттары дамыған елдердегідей емес. Сол үшін ДСҰ Қытайды дамыған елдер қатарына қоспай отыр.

Егер осыдан бірер жыл бұрын сарап­шылар 2020 жылы АҚШ-тағы прези­денттік сайлауда демократтар жеңіске жетсе, сауда соғысы тоқтайды деп бол­жаған еді. Алайда, бірер апта бұрын демократтар атынан президенттікке үміткер Майкл Блумберг пен Элизабет Уаррен егер президент болып сайланатын болса, Қытайға қарсы саясатты қатаңдататынын жасырған жоқ. Олар­дың пікірінше, Қытайды әріптес ел деп емес, қатер деп қабылдау керек. Қос кан­дидаттың қазіргі бағыты бір кездегі Трамптың риторикасынан да асып кетті. Демек, 2020 жылы мейлі республикалықтар жеңсін, мейлі демок­раттар сайлансын, Қытайға қарсы сауда соғысы күшеймесе, бәсеңдейін деп тұрған жоқ.

Қытай өзгеруі керек

Сонымен, сауда соғысы әлемдік нарыққа, экономикалық дамуға қа­лай кесірін тигізеді дегенге келсек, Қытай тауарының ең басты тұты­ну­шыларының бірі АҚШ импортты азайтса, Қытайдың зауыттары тапсы­рыс­сыз қалып, өндіріс азая­ды. Ал Қытай өндірісі бірінші кезекте Таяу Шығыстағы шикізатпен жұмыс істейтіні белгілі. Яғни, сауда соғы­сының кесірінен мұнайға сұраныс азайып, баға да құлдырауы ықти­мал. Бір қызығы, бұл АҚШ үшін кері­сінше тиімді. 2016 жылдан бері Трамп­тың туит­терде ОПЕК-пен «қыры­лысып» келе жатқанын білеміз. Ақ үй басшысының пікірінше, мұнай бағасы қазір жасанды түрде көтеріліп отыр. Нарықтық құнынан әлдеқайда қымбат.

Қорыта айтар болсақ, өткен ғасырда құрылған Дүниежүзілік сауда ұйымы реформалануы тиіс. Бұл туралы қазір прогрессивті экономистер де мәлімдеп отыр. Егер өткен ғасырда ұйымға мүше мемлекеттерге ортақ ереже қойып, сол ереже өз деңгейінде жұмыс істей ал­ған болса, қазіргі халықаралық сау­да екі ел арасындағы өзара келісімді қажет етеді. Ал Қытай секілді мемлекет­тер үшін тіптен ерекше жағдай деп қарастыру керек. Қытай қазір әлемдік нарықта өз орнын сақтап қалғысы келсе, ішкі заңнаманы барынша еуропалық модельге көшіру керек. Бұл әрине, индустрияландыру мен зияткерлік меншікке қатысты. Егер заңнама өзгермейтін болса, тек қана АҚШ емес, болашақта өзге де дамыған елдер Қытайдың қос стандартына қарсылығын білдірмек.