Аустралиядағы өрт салдарынан материктегі жан-жануарлардың үштен бірі қырылып қалған. Сидней университетінің экологтері келтірген деректерге сүйенсек, өртеніп кеткен сүтқоректілердің, құстардың жалпы саны жарты миллиардқа жетеді.
Қыркүйекте басталған өртті тоқтату мүмкін болмай тұр. Аустралияның оңтүстік-шығысындағы штаттары Жаңа Оңтүстік Уэльс пен Викторияның өзінде 200 өрт тіркелген. Соңғы деректерге сүйенсек, өрт салдарынан 1300-ге жуық ғимарат құлап, 23 адам көз жұмған, тағы 17 кісі із-түзсіз жоғалып кеткен. Тілсіз жау 5,9 млн гектар жерді шарпып өткен. Бұл Дания мен Нидерланд аумағынан үлкен. Аустралияның үкімет басшысы Скотт Моррисон резервтегі 3 мыңға жуық әскери қызметкердің өрт сөндіру жұмыстарына жұмылдырылатынын мәлімдеді.
Аустралия халқы табиғи апатпен күресуге қауқарсыз. Халық қайықпен теңіз бетіне шығып, көмек күтуде. Құтқаруға жіберілген кемеге мың адам сыяды. Тағы 3 мың халық теңіз бетінде көмек күтіп қалған. Алдағы уақытта тікұшақ жіберу қарастырылған. Мемлекет астанасы Канберрада ауа ластануының индексі шекті нормадан 26 есе асып кеткен. Өрт түтіні Жаңа Зеландияға да жеткен.
Мемлекеттің Қорғаныс министрі Линда Рейнольдс Sydney Morning Herald басылымына берген сұхбатында «Осынша адамның бір күнде ортақ жұмысқа жұмылдырылуы ел тарихында алғаш рет болып тұр. Үкімет қолынан келген барлық көмекті көрсетіп жатыр. 5 тікұшақ пен патшалық әскери-теңіз флотының 2 кемесі өрт болып жатқан аумақта», деді.
Жалпы, Аустралияда орман өрті жиі болып тұрады. Мәселен, 2009 жылғы өрт салдарынан 173 адам қайтыс болған. Бұл күн ел тарихында «қаралы жексенбі» аталып кеткен. Экологтер биыл адам шығыны айтарлықтай аз болса да, өрттің күшті екенін айтады. От жалыны қатты болғаны сонша, тез тарап, гектарларды әп-сәтте шарпып өтеді екен. Мемлекетте 2009 жылдан бері құрғақшылық. Метеорология бюросының ақпаратына сүйенсек, 2019 жылдың желтоқсаны ең құрғақ маусым ретінде тіркелген. Ауа температурасы 40 градус цельсийден түспеген. Биыл естеріңізде болса, Амазон ормандары өртеніп, 7 млн гектар жерді қамтыған еді. Мемлекеттің Қоршаған орта министрі Сюзан Лей өрт салдарынан Аустралияда ғана мекендейтін коалалардың үштен бірі қырылып қалғанын мәлімдеді.
Өрттің тек Аустралия емес, Жер шарының экожүйесіне әсер ететіні сөзсіз. Бұл тұрғыда әлемдік сарапшылар жауаптыларды да сынап жатыр. Бірі халықтың немқұрайдылығын сынаса, бірі билік өкілдерінің салғырттығын айтуда. Мамандар өрттің жиі әрі мезгілсіз шығуына жаһандық климаттың өзгеруі әсер етті дейді. Алайда Аустралияның өзінде де өрттің шығуына себеп болған азаматтарға қатаң жаза қолданылады. Мәселен, 2019 жылдың қарашасында Жергілікті өрт сөндіру қызметінің ұзақ бақылауынан кейін 19 жастағы азамат 6 апта бойы қасақана өрт тұтатқан деген айыппен жауапқа тартылды. Жоғарыда айтылған билік өкілдерінің жауапсыздығы да ескерілетін жайт. Өйткені ақпараттарға сүйенсек, 2019 жылы Өрт және құтқару департаменті Аустралия Премьер-министріне бірнеше рет ескерту хатын жіберген екен. Хатта мемлекетте өрт қаупі барын, қажетті шараларды қолға алу керегін жазыпты.
Өрттің қашан сөндірілетіні белгісіз. Бұған наразылық танытқан әлем жұртшылығы Аустралия үкіметіне уәжін айтуда. Дегенмен Премьер-министр Скотт Моррисон өртті сөндіруге мемлекет тарапынан 23 млн Аустралия долларының бөлінгенін хабарлады. Бұл шамамен 16,2 млн АҚШ долларына тең. Ал апатта жапа шеккен азаматтарға кәсіптері мен үйлерін қайта тұрғызу үшін әрқайсысына 4200 АҚШ доллар көлемінде өтемақы төленеді. Сонымен бірге еріктілер тобы көмекке шақырылған.