Футболдан ел чемпионатының алты дүркін чемпиондары, елорданың «Астана» футбол клубы кеше команданың жаңа спорт директорын таныстырды.
Клуб баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Астананың» спорт директоры болып бұған дейін Қазақстан Футбол федерациясында ұзақ жылдар бойы құрама командалар департаментін басқарған Ғани Қайназаров тағайындалған. «Ғани Әділханұлының футболдағы тәжірибесі өте мол. Ол карьерасында Жамбылдың «Химик», «Тараз», Алматының «Қайрат» және Қазақстан құрамасының намысын қорғаған. Футболшы ретіндегі мансабын аяқтағаннан кейін «Тараз» футбол клубында басшылық қызмет атқарған. Ал осыған дейін спорт директоры қызметін атқарған Нұркен Мазбаев клуб құрылымында жұмысын жалғастыратын болады», делінген хабарламада.