• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Қаңтар, 2020

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңартылған тетіктері күшіне енді

414 рет
көрсетілді

Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті көрсетудің жаңа тетіктері енгізілді. Бұл көмек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тағайындалып келеді. АӘК төлеудің жаңа тетіктері, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту шаралары туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары Аяжан Жанғабылова айтып берді. 

Оның айтуынша, жаңартылған атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау шарттарында ең аз күнкөріс деңгейінің 70%-ын тағайындау шарты бұрынғыдай болып қалды. 

«АӘК мөлшері отбасының әр мүшесі үшін орташа жан басына шаққандағы табыс пен отбасының әр мүшесінің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ының арасындағы айырманы құрайды. Тұрмысы төмен отбасыларға ақшалай төлемдер түрінде және өз ісін бастауға оқыту, жұмысқа орналасуға көмектесу арқылы оларды өмірлік қиын жағдайдан шығаруға ықпал етеміз», — деді департамент өкілі. 

Сонымен қатар, еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасының барлық механизмдері пайдаланылатын болады. Ал жеке кәсіппен айналысуға ниетті жандар үшін жеңілдетілген шағын несиелер, бизнес ашу үшін қайтарымсыз гранттар ұсынылады. 

«Бұдан басқа, бүгінгі күні еңбек нарығында сұраныс болмай отырған мамандық иелерін қайта оқытамыз, яғни, олардың кәсіби біліктілігін арттыруы үшін жағдай жасайтын боламыз», — деді А. Жанғабылова.

Отбасының табысын анықтау жөніндегі учаскелік комиссиялардың отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімі 3 күннен 7 күнге дейін ұзартылған. Себебі, өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алу үшін азаматтардың өз табысы мен бизнесін жасыру фактілері орын алған еді: 2019 жылы өзінің нақты табысын жасырған 73 мыңнан аса отбасына АӘК заңсыз тағайындалған.

«Осындай келеңсіздіктерге жол бермеу мақсатында учаскелік комиссиялардың құзыретіне жаңа критерийлер енгізілді. Сол критерийлер бойынша отбасылардың мұқтаждық деңгейі анықталатын болады», — деді Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары. 

Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін отбасының кірісін есептеуде де жаңа тетіктер қарастырылған. Атап айтқанда, мүгедек балаларға төленетін жәрдемақыны, студенттердің шәкіртақыларын, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр Ана» атақтарымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақыларды, кепілдік берілген әлеуметтік пакетті қоспағанда, еңбек қызметінен түскен табыс пен жәрдемақының барлық түрлері ескерілетін болады. 

«Отбасы шағын несие мен грант алған жағдайда алғашқы 6 айдан кейінгі табысы кіріс ретінде ескеріледі. 2019 жылы Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша бірқатар санаттағы азаматтардың борыш жүктемесі төмендетілген еді, бұл да отбасының табысы ретінде есептелмейді», — деді департамент өкілі.  

 Тиісті заң актілерінде көрсетілген осы және өзге де шарттардың барлығы ағымдағы жылдың 5 қаңтарынан бастап күшіне енді.