Аймақ басшысы Самат Ескендіров төрағалық ететін БАҚ мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің жетекшілігімен өткен мемлекеттік ақпараттық саясаттың өзекті мәселелеріне арналған кеңестен кейін құрылған болатын. Содан бергі уақыт ішінде жергілікті баспасөз ақпарат құралдарының билікпен ақпараттық ықпалдастығын арттыру, медиа кеңістікті жаңғырту, әлемде қалыптасқан күрделі жағдайларды, еліміздегі саяси-әлеуметтік өзгерістерді жұртшылыққа жеткізу секілді іргелі міндеттерге орай бірқатар шаралар атқарылды.
Аймақ басшысы Самат Ескендіров төрағалық ететін БАҚ мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің жетекшілігімен өткен мемлекеттік ақпараттық саясаттың өзекті мәселелеріне арналған кеңестен кейін құрылған болатын. Содан бергі уақыт ішінде жергілікті баспасөз ақпарат құралдарының билікпен ақпараттық ықпалдастығын арттыру, медиа кеңістікті жаңғырту, әлемде қалыптасқан күрделі жағдайларды, еліміздегі саяси-әлеуметтік өзгерістерді жұртшылыққа жеткізу секілді іргелі міндеттерге орай бірқатар шаралар атқарылды.
Қоғамдық кеңестің кезекті отырысының күн тәртібіне бірнеше өзекті мәселелер шығарылып, жан-жақты талқыланды. Облыс әкімі кіріспе сөзінде Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы БАҚ өкілдері алдына да үлкен белсенділік талаптарын қойып отырғанын, ол үшін барлық мүмкіндік туғызылғанын, сараптамалық талдауларды, журналистік зерттеулерді жаңаша ойлау тұрғысынан әрі жағдаймен нақты байланыстырудың өзектілігін атап көрсетті.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Салауат Мұқсымов кеңестің өткен отырысында қабылданған шешімдердің 8-і орындалғанын, қалғандары бақылауда тұрғанын, ұйымдарда БАҚ мәселелеріне жауапты адамдардың бекітілгенін, ақпарат алу үрдісінің оңайлағанын, мекеме жетекшілерімен кездесулердің өткізілуі жүйелі сипат алғанын жеткізді. Облыста бүгінде 200-ге жуық қалам иелері Қазақстан журналистер одағына мүше. Жергілікті филиал төрағасы Ерлан Тоқшылық өз сөзін білікті журналист мамандарын даярлау тұрғысынан өрбітіп, жиналғандар назарын әлі де тәжірибелі кадрлардың жеткіліксіздігіне, тақырыптардың тарлығына, объективті сын-пікірлерге құрылған материалдар жазудың орнына қызыл сөзді, арзан ойды қуалап кететініне, мұның өзі оқырмандар мен көрермендерді жалықтырып жіберетініне назар аударды. Әкім оған журналистер біліктілігіне қатысты сын мен өзара сынды шығармашылық орталарда да өрістетуді ескертіп, ұйым жұмысын жандандыру жөнінде нақты тапсырма жүктеді.
«Әділ-Арқа» өңірлік БАҚ-ты қолдау жөніндегі қоғамдық қордың төрайымы Зәуре Жұмалиеваның салмақты ұсыныстары мемлекеттік органдар мен журналистер арасында іскерлік қарым-қатынас орнату мәселелеріне бағытталды. Ол ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында арнайы жобалар қолға алынып, семинарлар, дөңгелек үстелдер, лекциялар, үнқатысулар өткізілгенін айта келіп, департаменттер мен басқармаларда БАҚ жұмыстарын үйлестіріп отыратын өкілдердің тағайындалуын оң тәжірибе ретінде бағалады. Облыс әкімі аппаратының басшысы Владимир Дудов мемлекеттік органдардың қоғаммен және БАҚ-пен байланысындағы интернеттің, әлеуметтік желілердің әлеуеті туралы баяндады. Әкімдіктің web-сайты қайтадан жаңартылып, виртуалды қоғамдық қабылдауға 300-ге жуық өтініш түсіпті. Оларға түгелге жуық жауап беріліпті.
Самат Сапарбекұлы қоғамдық кеңес отырысында мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, олардың қызметі жұртшылықтың әл-ауқатын, тұрмысын жақсартуға бағытталуы қажеттігін, БАҚ-тың мемлекеттік ақпарат саясатындағы жетекші орнын арттыру мүмкіндіктерін атап көрсетті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.