• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Қаңтар, 2020

Ел іші – еңбек кеніші (Агроөнеркәсіп өндірісінде Алматы облысы көш бастады)

425 рет
көрсетілді

Жетісу жерінде еңбек көрігі қызып тұр. Жыл басынан бергі жетістікті жіпке тізіп есептеген мамандар облыстағы еңбек өнімділігінің өткен жылға қарағанда 4 пайызға өскенін айтуда. Яғни, ақталған тердің ақшаға шаққандағы мөлшері 2 млн 150 мың теңгеге жетіп отыр. Ал өңделген өнім экспортының көлемі – 5,5 пайызға артып, 85 млн долларды құрады.

Осы жерде аймақтағы негізгі өндіріс көзі агроөнеркәсіп кеше­ні екенін айтқан ләзім. Бұл бағыт­та­ғы жұмыс қарқынды. Атап айт­қанда, республика көлемінде өнді­­рілген ауыл шаруашылығы өнімі­нің көлемі бойынша Алматы облысының үлесі 17 пайызды құ­рап, өңірлер арасында бірінші орын­нан көрінді. Осы еселі ең­бек­тің көрінісін біз аймақтың бірнеше ауда­нына барған сапарымызда анық байқаған едік.

 Нарынқолдық шаруалар 25,7 млрд теңгенің өнімін өндірді

Нарынқол топырағын «кар­топ­тың отаны» деп текке айтпаған. Ішкі-сыртқы нарықты «екінші нан» өнімімен қамтып отырған ауда­нның шаруалары биыл да қомақты табысқа кенелді. Өткен 10 айдың қорытындысы бойынша Райымбек ауданында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы құны 25,7 млрд теңгені құрапты. Жиын-терімнің түсімі әлі толық есептеліп болмағанын ескерсек, бұл көрсеткіш әлі де өсіп, 26,7 млрд теңгені құрайды деген болжам бар.

Ауданда негізінен картоп өсі­рі­леді. Жалпы соңғы жылдар ара­лығында Райымбек өңі­рін­де осы картап егістігінің кө­ле­мі 10 есеге артқан екен. Бұл жер­­гілікті жұрттың жаппай жер еміп, несібесін еңбектен табу­ға жұмылғанын көрсетеді. Қазір ауыл­дағы ағайын картоп егіс­ті­гінің көлемін 700 гектарға ұлғай­тып, жиналатын өнімді 380 центнерге дейін жеткізіп отыр. Биыл да картоп 6 мың гектарға себіліп, одан 123 мың тонна өнім алынды.

– Аудандағы шаруа қожа­лық­тары мемлекеттің көмегімен 240 тон­на голландиялық «Санте» және «Агрия» сұрыптарын сатып алды. Нәтижесінде картоп егу көлемі бұрын 70 гектар болса, қазір көрсеткіш 10 есеге өсіп, 700 гектарға жеткізілді. Жаңа тұ­қым­ның, жаңа технологияның нәти­же­сінде өнімділік те артты. Бұрын әр гектарынан 170-180 центнерден картоп алынатын болса, енді 380 цент­нерге дейін өнім жинадық, – дейді Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов.

 Сарқандықтардың өнімі сыртқы нарыққа шығады

Сарқан – нағыз аграрлы өңір. Ел-жұрт төрт түлік мал өсіріп, жер еміп, егін салумен күн кешуде. Әсіресе, қант қызылшасын өсіру қайта жанданып келеді. Биыл аудан­дағы шаруа қожалықтары тәтті түбір алқабының көлемін 2850 гектарға жеткізіпті. Табиғи өнім түгін тартсаң майы шығатын топы­рақтан алынады. Осы топы­рақ­та өнген өнімге сұраныс жо­ға­ры болатыны сөзсіз. Әсіресе ше­телдік тұтынушылардың қы­зы­ғушылығы артып келеді. Жыл басынан бері сарқандық шаруа­лардың 1245,8 тонна өнімін ресейлік және түркиялық кәсіпо­рын­дар тікелей сатып алыпты. Көкөніс пен түбірлі жемістен бө­лек дәрілік шөпке деген тапсырыс үзілмеген. Майбұршақ пен дәнді дақылдар Ресейге жөнелтілсе, дә­рі­лік шөптің алуан түрі Түркияға та­сымалданыпты.

Биыл Сарқан ауданындағы ішкі жолдарды жөндеуге жіті көңіл бөлінді. Яғни, аудандық маңызы бар көлік жолдарын жөндеп, күтіп ұстау жұмыстарына 336,6 млн тең­ге қаржы жұмсалған екен.

– Жыл басынан бері Сарқан қаласының көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алмалы ауылының Сейфуллин және Қонаев көшесінде жол жабын­дысы орташа жөндеуден өткізіл­ді. Асфальт салынып, мүл­де жөндеу көр­меген аумаққа қиыр­­шықтас тө­селді. Тағы бір жа­­ңа­лығымыз, Балқаш көлі жағалауының инфрақұрылымын дамыту бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Келешекте бұл бағытта туризмді дамытуды қолға аламыз, – дейді Сарқан ауданының әкімі Марат Разбеков.

 Алма бағы жайнаған «Атек Агро»

«Жер жаннаты – Жетісу» деген атау өңірдің табиғи ерекшелігіне қара­та айтылғаны анық. Шын­ды­ғын­да Алатау бөктерінде өсетін жеміс-жидектің нәрі мен дәміне тең келетін нәрсе әлемде некен-саяқ шығар. Қазір аймақта мәуелі бақ пен саялы бақша өсіру дәстүрі жалғасып, табысты еңбектің көзі­не де айналып отыр. Бүгінде Ал­маты облысындағы жеміс бақ­та­рының көлемі 23 мың гектар екен. Былтыр осы бау-бақшадан жи­налған өнімнің көлемі 126 мың тоннаға жетіпті. Әсіресе уыл­­жып піскен алманың үлесі 85 мың тонна шамасында болыпты. Дерек бо­йынша, еліміздің ішкі нарығындағы алмаға деген сұраныстың 95 па­йы­зын же­­тісулық жеміс түрі қам­­тып отыр­ған көрінеді. Осы алма ба­ғын баптап өсіріп, сапа­лы өнім алып отырған кәсіп ие­сі­нің бірі – Жамбыл ауданының тұр­ғы­ны Жанат Алтынғадысұлы. Ол басқаратын «Атек Агро» серік­тес­тігі биыл 54 гектар жерге тамшылатып суаратын алма бағынан мол өнім алды. Алманың «Пинк леди», «Фуджи», «Грэнни смит», «Гала», «Голден делишес» сияқты танымал сұрыптары шыққан шы­ғын­ды өтейтіндей жеміс берді.

– Алма бағына тамшылатып суару әдісін қолдануды тәжірибеге енгізгенімізге үшінші жыл болды. Бұдан өнімділік артады, шығын аз. Күтіп-баптауы дұрыс болса, әр гектардағы көшеттен 30-45 тоннаға дейін алма жинап алуға болады. Тамшылатып суару құрал-жабдықтары Израильден, жас көшеттер Түркиядан әке­лін­ген, – дейді «Атек Агро» серік­тес­тігінің директоры Жанат Алтын­ға­дысұлы.

Жалпы құны 850 млн теңге болатын бұл жобаның бір бөлігін «Аграрлық несие» корпорациясы қаржыландырса, қаражаттың қалған жартысы жеке кәсіпкердің үлесінде. Ал алма бағы 75 адамға жұ­мыс істеуге мүмкіндік беріп отыр.

 

Алматы облысы