Облыс орталығындағы Абай атамыздың атын алған көше қысқа, үзік-үзік, бірнеше жерден үзіліп барып, басқа көшелермен қиылысады. Көшенің тіпті қай жерден басталып, қай жерден аяқталатыны да белгісіз.
Ал енді жаңадан ашылған көтерме бөлшек-сауда орталығына Абайдың есімін бергендер былай деп ойлапты: бұрын бұл көше бойы азан-қазан саудасы қызған базар болған еді.
Сөйтіп Абай атындағы көшенің бұрынғы сауда-саттық көшесіне айналған атағын қайтадан қайтарғылары келіпті.
– Жаңа орталықта азық-түліктер сапалы, бағалары қолжетімді. Жалға алушыларға қойылатын талап – өнімнің бағасы мен сапасы. Сауда нүктесі өндірушілермен, шаруа қожалықтарымен, көтерме сауда орындарымен тікелей жұмыс істейді. Орталықта қаладағы әлеуметтік базарлар мен жәрмеңкелер деңгейінде бағалар сақталады. Көтерме сауда мен бөлшек сауданың бағасы өзгермей бірдей болады, – дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары.
Қалалық әкімдік, кәсіпкерлік бөлімі көтерме бөлшек-сауда орталығына ұлы Абайдың есімін бергендеріне тіпті селт етпейтін де, ұялмайтын да секілді.
Ал күні кеше қалалық әкімдікте облыс орталығын көріктендіру жұмыстары туралы мәселелер талқыланды.
Абайдың 175 жылдығына орай облыс орталығында ақынның аты берілген елеусіздеу қалған көше толық абаттандырылып, көріктендірілмек.
– Көше бойында орналасқан жер үйлердің сыртқы келбетіне де мән беру керек. Тұрғындар өз үйлерінің қақпасы, қоршауы, шатырларын жөндеулері қажет. Абай көшесін көріктендіру бойынша нақты тұжырым жасалсын, – деді қала әкіміне облыс әкімі Болат Бақауов.
Бұл тұжырым – Абайдың есімін көтерме-бөлшек сауда орталығына берген қалалық әкімдікке де ой тастар.
ПАВЛОДАР