Қостанайда төпелеп жауған бармақ басындай бұршақ егістік алқапты жайпап өтіп, шаруашылықтарға орасан зиян келтірді. Бұл туралы «Хабар» телеарнасы хабарлады.
Марат Молдашев басқаратын шаруашылық ұжымы биыл 3,5 мың гектарға дәнді-дақылдар еккен еді. Соның 300 гектары табиғат апатынан тып-типыл болды. Алғашқы болжам бойынша серіктестікке келген шығын көлемі -12-15 млн. теңге шамасында. Жалпы айтқанда, аталған өңірдің Меңдіқара ауданында 4 шаруашылық бұршақтың зардабын тартып отыр. Жарамсыз болған егіс алқабы 1 мың гектарға жуықтайды. Нақты есебін жақын арада арнайы комиссия жария ететін болады. «Алдымен іске жарамсыз болып қалған алқаптардың аумағы өлшеніп, шығын есебі шығарылады. Содан кейін ғана сақтандыру компаниясы өз есебін жариялайды. Аз да болса, тиісті төлем қолымызға тиер деген үміттемін», - дейді Меңдіқара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Александр Ковальчук.
Данияр Түймебай.