Осыдан бірер жыл бұрын шаһардағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасы №1 қалалық ауруханамен біріктірілген еді. Жергілікті жұрт БСМП деп атайтын ғимараттың біраз бөлігі содан кейін қаңырап бос қалған-ды.
Жақында облыс әкімі Даниал Ахметов қараусыз тұрған нысанды аралап көріп, ғимараттың бір бөлігіне Өскемендегі Жұмыспен қамту орталығын көшіру керектігін айтты. Өйткені аталған орталықтың ішінің тарлығы, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға тым қолайсыз екендігі көптен бері сөз болып жүр. «Жұмыспен қамту орталығына барып, мекеменің жай-күйімен таныстым. Орталыққа келушілермен әңгімелесіп, олардың талап-тілектерін білдім. Бұл жер аса маңызды мемлекеттік мекеме болғандықтан, мұнда азаматтар үшін жайлы жағдайлар жасалуы қажет. Келушілерге сапалы қызмет көрсетілуі керек. Бұрынғы аурухана ғимаратын толық жөндеуге қаражат алдағы уақытта бөлінеді. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталады», дейді өңір басшысы.
Сонымен қатар облыс әкімі Жұмыспен қамту орталығының қызметімен танысу барысында әлеуметтік сала басшыларына ақпан айынан бастап өскемендік мүгедектерге қажет жаялықтар мен қозғалыс құралдарын үйлеріне дейін жеткізіп беруді тапсырды. Қазір бұл санаттағы тұрғындар осы заттардың бәрін Жұмыспен қамту орталығына өздері барып алып жүр.
ӨСКЕМЕН