АҚШ соты Кливленд қаласында үш қызды ұрлап әкетіп, ұзақ уақыт бойы үйінде қинап ұстаған Ариэль Кастроға қатысты үкім шығарды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Сот процесінде төрағалық еткен судья Майкл Руссо қылмыскерді өмір бойына абақтыға қамау жазасына кесті. Өткен аптада Кастро тергеу жұмыстарына көмектесуі мен кінәсін мойындауы арқылы өлім жазасынан құтылған болатын.
Сот отырысы бірнеше сағатқа созылды. Бұрын мектеп оқушыларын таситын автобус жүргізушісі қызметін атқарған 53 жасар Кастро өзінің соңғы сөзінде жәбірленушілерден кешірім сұрады. «Мен құбыжық емеспін. Мен порнографиялық үлгідегі фильмдердің ықпалына түскен ауру адаммын», – деді ол.
Сотта жәбірленушілердің бірі – 32 жасар Мишель Найт сөз сөйледі. «Сен менің 11 жыл өмірімді қорладың. Бұл жылдар мен үшін тозақ секілді болды. Енді сенің өмірің тозаққа айналады», – деді көз жасын әрең ұстаған Мишель Найт. Қалған екі жәбірленуші сотқа келмеді.
Аталмыш сот отырысы көптеген америкалық телеарналарда тікелей эфирде көрсетілді.
Аманда Берри, Джина Дехесус пен Мишель Найт 2002-2004 жылдар аралығында 14,16 мен 20 жастарында жоғалып, тек биылғы жылдың мамыр айында Кастроның қамауынан босап шығады. Үш қыз да қанішердің тарапынан зорлық көрген. Қылмыскердің тұтқынында жатқан кезінде Аманда Берри Кастродан жүкті болып сәби туады.
Жалпы алғанда, Ариэль Кастроға 977 тармақ бойынша айып тағылып отыр.
Айдар Өрісбаев.