• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Тамыз, 2013

Әбіләзовті экстрадиция жасау жайы көктемге дейін шешіле қоймайды

330 рет
көрсетілді

Францияда бүгін басталған сот процесі БТА-банктың бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзовтің экстрадиция жасалу ықтималдығы туралы мәселені 2014 жылдың көктемінен бұрын шеше алмайтын сияқты. Бұл туралы француздың

Le Figaro басылымы хабарлады.

«Біз қазір өзімізге барлық керекті құжаттарды жолдауына 40 күн мерзімі бар Украинаның сұранысын қарап жатырмыз. Процедураның өте ұзақ жүретіндігіне байланысты, біз оны 2014 жылдың көктемінен ерте шеше алмаймыз», - деп мәлімдеді Экс-ан-Прованс қаласы соты бас прокурорының көмекшісі Соланж Легра басылымға.

Еске түсіре кетейік, бұрын хабарланғанындай, Украина осы кезге дейін Францияға бұрынғы банкирді өздеріне беру туралы сұранысты жолдап үлгерген екен. Украина құқық қорғаушылары Мұхтар Әбіләзовке елдің Қылмыстық кодексінің «Ірі көлемдегі алаяқтық» және «Мүлікті талан-таражға салу немесе қызметтік жағдайды пайдалану жолымен иемденіп кету» деп аталатын баптары бойынша айып тағып отыр. Осының қарсаңында Франция соты экс-банкирді болуы ықтимал экстрадицияға дейін өз құлпы астында ұстай тұруға шешім қабылдады. Хабарланғандай, Әбіләзов бұл шешім шыққанға дейін сотқа өзінің бостандықта қала беруін қамтамасыз етуге жеткілікті кепілдік ұсына алмаған болып шықты.

Бұдан бұрын Әбіләзовтер отбасысының француз адвокаты өз клиентін экстрадиция жасау жөніндегі сұраныстың тап осы Украинадан түскенін жеткізген еді. Себебі, ол Қазақстанмен достас ел болып табылады. Бұған қоса, Франция мен Қазақстанның арасында қылмыскерлерді тапсыру жөніндегі келісім жоқ. Сондықтан бұл міндетті украин жағының атқарып отырған жайы бар.

Тағы бір еске салып өтетін жайт, Мұхтар Әбіләзов 31 шілде күні Францияның оңтүстігіндегі Канны қаласына жақын жерде қамауға алынған болатын.

Құрыш Нұрымбет.