Кезіндегі оңтайландырудан кейін тоқырауға ұшыраған Текелі қаласы бүгінде жаңа тұрпаттағы даму жолына түсті. Қазір шағын шаһар «кеншілер қаласы» деген атауына лайық өркендеп келеді.
Текеліде сапасы жоғары шойын өндірілетінінен жұрт хабардар. 2016 жылдан бері қайта жанданған бұл өндірісте жыл сайын қосымша қорыту цехтары ашылып, іргесі кеңеюде. Биыл шойын балқыту өндірісінде жұмыс істейтін кеншілер саны 1000 адамға жетті. Көрігі қызған домна пештерінде балқып, қалыпқа құйылған өнім ішкі және сыртқы нарыққа шығарылуда. Текелі кеншілері биыл 7200 тонна шойын өндіріпті. Алдағы жылы өндірісте екінші домна пеші іске қосылып, жұмыс ырғағы арта түседі деп күтілуде. Жұмысшылар саны да көбейіп, металлургтер қатары 1500 адамға дейін толықпақ.
Өндіріске жан біткен жерде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы да дамитыны белгілі. Адамдарға жайлы үй, жағымды орта қажет. Инфрақұрылым да заманға сай болуға тиіс. Бұл бағытта шағын қалада біраз шаруа істеліпті.
– «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде қаладағы «Металлург» шағын ауданының кәріз желілері мен магистральды жылу желілері қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде барлығы 23,3 шақырым кәріз желісі мен 5,02 шақырым жылу желілері толық жаңарды. Қалада баспана мәселесі де оң шешімін табуда. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 пәтерлі тұрғын үй салынуда, оны жақында пайдалануға береміз. Тағы екі 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қолға алдық, – дейді Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев.
Шағын қалада шаруашылық та өркен жайып келеді. Текелінің шаруалары ет, сүт, көкөніс өндіруден алдыңғы орында. Өткен 10 айда жергілікті кәсіпкерлер өндірген өнім 6,5 млрд теңгені құрапты. Осы Текеліде аймақты табиғи кө- көніспен қамтып отырған «Green House» жылыжай кешені бар. Осы кешеннің өніміне сұраныс көбейіп, бір ғана қиярдың 452 мың тоннасы нарыққа шығарылды. Сұраныстың артуы кәсіпкерліктің де дамуына ықпал етеді. Яғни, қаладағы шағын және орта бизнес саласындағы нысандар саны 311 бірлікке артып, 2800 адам еңбекпен қамтылған. Оның ішінде бес бірдей сауда және қызмет көрсету нысаны жаңадан ашылып, 14 адам тұрақты жұмыс тауыпты.
Экономиканың өзегі өндіріс қой. Текелінің жанданған өнеркәсібі өткен 10 айда 17,2 млрд теңгені құрайтын өнім өндірген екен. Өсу көрсеткіші 104,4 пайызды құрап отыр. Алдағы жылы даму қадамы қарыштай бермек. Ол үшін бірнеше инвестициялық жоба жасалған. Бұйырса, ішкі нарықтың қажетін өтейтін болат пішінді құймалар шығаратын «Электромарганец» зауыты іске қосылмақ. Жобаның құны 433 млн теңге шамасында, 20 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Әк дайындайтын «АkAltunProducts» серіктестігі де Текеліден өндіріс орнын ашпақ, бұған инвесторлар 135 млн теңге қаржы салуға дайын. 30 адамды жұмыспен қамтымақ. Тағы бір 5 млн теңгенің инвестициясын «Tasun» ЖШС микрокальцит өндірісін кеңейтуге салып отыр екен, мұнда да 20 жұмысшыға сұраныс бар.
Жалпы, бүгінге дейін Текелі экономикасын дамытуға 4,7 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Нақты көлем индексі 96,1 пайызды құрады. Оның ішінде бюджет қаржысынан бөлек, жеке көздерден құйылған қаржының үлесі 77,9 пайыз екен, ақшаға шаққанда 3,7 млрд теңге шамасында. Ал келер жылы игерілетін инвестиция көлемі 6,2 млрд теңге көлемінде болжанған.
Әрине, әлеуметтік салада қордаланған мәселе бар. Жұмыссыздық деңгейін төмендетудің түрлі жолдары қарастырылған. Ол үшін алдағы жылы 470 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл қаладағы жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайызға дейін азайтады.
– Текеліде 415 көп балалы отбасы тұрады. Олардың дені баспана мәселесін шешуді өтінеді. Биыл әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 25 пәтер сатып алынды. Демеушілер есебінен 5 көп балалы отбасы баспаналы болды. 7 отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында қоныс тойын тойлады, – дейді қала әкімі Б.Өнербаев.
Алматы облысы