Қытайдың Шеньчжэнь қаласында өткен Халықаралық су спорты түрлері федерациясының (FINA) санатындағы Champions Swim Series жарысының бірінші кезеңі өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде отандасымыз Дмитрий Баландин екі қола медаль олжалады.
Бірінші кезеңнің соңғы күнінде ол 200 метрге брасс әдісімен жүзуден қола жүлдегер атанды. Ол аталған қашықтықты 2:13:58 уақыт көрсеткішімен жүзіп өтті. Бәсекеде Баландиннен бес секунд ерте жүзіп өткен Нидерланд өкілі Арно Камминга топ жарды (2:09:00). Күміс жүлдені германиялық Марко Кох иеленді.
Айта кетейік, Рио Олимпиадасының чемпионы жарыстың алғашқы күнінде 100 метр қашықтыққа брасс әдісімен жүзуден қола жүлдегер атанған-ды. Былтыр ғана тұсауы кесілген үш кезеңнен тұратын доданың екінші кезеңі 18-19 қаңтарда Бейжіңде өтеді.