• RUB:
    4.82
  • USD:
    439.43
  • EUR:
    473.31
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қаңтар, 2020

Өскеменде еріктілер қозғалысы орталығы жұмысын бастады

403 рет
көрсетілді

Әлеуметтік, ағарту, спорттық және медиация секілді 4 маңызды бағыты таныстырылды.

Бүгін Өскеменде Қазақстан халқы Ассамблеясы еріктілер қозғалысы орталығының жұмысы таныстырылды.

Тұсаукесер рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат, Қазақстан халқы Ассамблеясы ШҚО хатшылығының меңгерушісі Жанна Асқарова, ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекқызы, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты.

«Бүгінде әрбір қазақстандық этникалық құрамына қарамастан өздерін үлкен отбасының бір мүшесі сезінеді. Достық үйлері, этно мәдени бірлестіктер өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысады. Қоғамдық келісім мен ұлттар арасындағы береке-бірлікті нығайтуға үлес қосып келеді. Еріктілер қозғалысы орталығының ашылуы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығымен тікелей байланысты» дейді Ә.Мархабат.

Жиын барысында қатысушыларға еріктілер қозғалысының әлеуметтік, ағарту, спорттық және медиация секілді 4 маңызды бағыты таныстырылды.

Орталық 2020 жылы қайырымдылық акцияларын, маңызды тақырыптарда оқушылар мен студенттерге арналған шеберлік сыныптарын, семинарларды, көпбалалы аналарға бизнес-тренингтер ұйымдастыруды, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған жасөспірімдерді, яғни, Өскемендегі Үміт балалар үйі тәрбиеленушілерін спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға баулуды жоспарлап отыр.      

ӨСКЕМЕН