• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 20 Қаңтар, 2020

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру салаға соны серпін беруі тиіс

452 рет
көрсетілді

Жақында Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев Кереку өңіріне жұмыс сапарымен келгенде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу барысында Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі көбейетінін, қаржыландырудан тапшылық болмайтынын айтқан-ды. Үш жыл ішінде денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржы 2,5-3 трлн теңгеге дейін артуы тиіс деген болатын вице-премьер. МӘМС енгізілгеннен кейін өңірдегі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі 1,5 есеге өседі деп жоспарлануда.

Өңір дәрігерлері бұл жаңашылдық адамдардың өмір сүру сапасын арттырады деген пікірде. Жаңа жүйе бо­йынша жұмыс істеуге дайын. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бар­лық азамат сақтандыру қорына ақша ауда­руға міндетті. Жұртшылық биылғы 1 сәуірге дейін жаңа жүйе бойынша тегін емделеді. Осы уақытқа дейін сақтандырылып үлгермегендер кепіл­дендірілген тегін медициналық көмек пакеті бойынша ғана қызмет алатын болады. Бағасы қымбат ем-дом шараларын қамтитын екінші пакетті қалтасынан ақша төлеу арқылы ғана пайдаланады.

Бұл күндері жер-жерде емхана тіркеуіне алынбаған адамдарды анықтау, халықты МӘМС туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындардың бәрінде дерлік электронды төлқұжат бар. Дегенмен өңірде 49 043 адамның тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеуге тұрмағаны, кейбірінің көшіп кеткені анықталды.

Өңірдегі қоғамдық кеңестің комиссия төрайымы Гүлбарам Наурызбаеваның айтуынша, аудан, қалаларды аралау барысында ауыл-аумақтағы емхана, дәрігерлік бөлімшелер, ауруханалардың жұмысымен танысып, 134 ауылдың халқымен кездесу өткізілген. Тұрғын­дардың арасында жаңа жүйені білмей­тіндер де кездескен. Өкінішке қарай тұрғындар медицинаны мемлекет қаржыландыра береді, сырқаттансам, тегін емделемін деген ойдан әлі де арылмай келеді. Сондай-ақ зерттеу мәліметтері бойынша тұрғындардың көбі жекеменшік клиникалардан гөрі мемлекеттік емханаларға барады, оларға деген сенім жоғары. Елімізде ауруханаға жататындардың саны да жыл сайын артып отыр. Оған өңірде жыл сайын тіркелетін 500 мыңдай жедел жәрдем шақыртуын қосыңыз. Осыдан-ақ қаражат қайда кетіп жатыр деген сұрақ туады.

Ал «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ облыстық филиалының дирек­торы Айдар Сейітқазиновтың айтуын­ша, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық жұмыс берушілер қарама­ғын­дағы қызметкерлер үшін қаражат аударып келеді. Жеке кәсіп­керлер де жұмысшыларына төлем жасайды. Жинақталған қаржы Ұлттық банк­те сақ­талады. Барлық ақша мін­детті әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру шең­берінде медициналық қызмет­тер пакетін қаржыландыруға бағытта­лады.

 – Жалпы, медициналық сақтандыру қорына 224 млрд теңге жарна түсті. Оның 215 млрд теңгесі жұмыс берушілердің аударымы болса, 8,8 млрд теңге жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Сондай-ақ 2019 жылдың қаңтарынан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар бірыңғай жиынтық төлемін төлей алады. Оған төрт салық түрі – жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, әлеуметтік сақтандыру жарнасы және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарна кіреді. Бірыңғай жиынтық төлем жеке тұлғаларға қызмет көрсететін азаматтарға арналған, – дейді А.Сейітқазинов.

Денсаулық саласы бүгінге дейін республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып келгені белгілі. Саланың шығыны да жыл сайын артып отырады. Бірақ шығындарды жабуға бюджеттің қаржысы жете бермейді. Жыл өткен сайын денсаулыққа бөлінетін қаражат кеміп отырғаны сондықтан. Министрлік мәліметіне сүйенсек, кепілдендірілген тегін медициналық көмекке 451 млрд теңгеге жуық қаражат жетіспейді. Стационарлық көмекке 61 млрд теңге, консультативтік-диагностикалық қызмет үшін 51 млрд теңге, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласына қосымша 41,9 млрд теңге, онкологиялық ауруларды емдеу қызметіне 37 млрд теңге қажет.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Күзековтың айтуынша, өңірдің денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға 2 млрд.-қа жуық теңге жетіспейді. Мәселенің мәнісі – өңір тұрғындардың амбулаторлық-емханалық емдеу тарифіне байланысты. Дәрігерлер науқастарды емдеуге бекітілген ең төменгі тарифке алаңдаушылық білдіреді. Басқарма басшысы өзге облыстарда 1 адамға амбулаторлық-емханалық емдеу шараларына 945 теңге бөлінсе, Павлодар өңірінде 100 теңгеге төмен деген салыстырмалы мәлімет келтірді.

Әрине, елімізде медициналық ұйымдарда амбулаторлық-емханалық емдеу тарифі дұрыс есептелмеген соң, өңірлер арасындағы тепе-теңдік бұзылады. Сарапшылар медициналық көмектің бір түрінің өзі әртүрлі тарифтер бойынша қаржыландырылды деп отыр. Өйткені, қаржы әр өңірдің бюджетіне қарай бөлінеді. Әр өңірдің мүмкіндігі, халқының саны да әртүрлі дегендей. Тарифтердің барлық өңірде біркелкі болуы үшін еліміздегі Сақтандыру қоры Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс түсірмекші.

Өңірдегі тарифтердің төмендеуіне тағы бір себеп – урбанизация деңгейінің өте жоғары болуы. Халық қалаға көшіп, ауылдар қаңырап қалуда. Мектептерде бала саны азайды. Тұрғындардың 70 пайызы қалаға көшіп келіп алды. Бұл мәселе білім беру мен денсаулық сақтау саласына да тиімсіз болуда. Адам саны аз аудандардағы медициналық мекемелер қаржыландырудың өз деңгейінде жүргізілмеуінен қиындық көруде. Облыста 60-тан астам медициналық мекеме қызмет етсе, 30 аурухана, емханада мемлекеттің үлесі бар. Дәрі-дәрмек сатып алу, медициналық мекемелердің коммуналдық төлемдерін төлеуге де қаражат жеткіліксіз. Емханаларда әлі күнге ұзынсонар кезек, салалық дәрігерлер жетіспейді. Басқарма мәліметінше, өңірдегі қалалар мен аудандарға 20 акушер-гинеколог, 20 жалпы практика дәрігері, 15 анестезиолог дәрігер, 15 терапевт, 13 невропатолог қажет.

Облыс СК «Фармация» желісіне дәрі-дәрмек жеткізу бойынша 470 миллион теңге қарыз. Ең төменгі тариф пен қаржылай қолдаудың жоқтығы емхана, ауруханалардың коммуналдық төлемдеріне де әсерін тигізген. Бұл саланың да қарызы қордаланып қалған. Ең төменгі жалақы алатын медицина қызметкерлеріне 642 миллион теңге төленбеген. Сондықтан, денсаулық сақтау басқармасы МӘМС басшылығы мәселеге нақты назар аударады деген үмітте.

 МӘМС қоры директорының орынбасары Әлия Төлжанованың айтуынша, қазір қор тарифті қайта қарау жөнінде жұмыс істеуде. Келесі жылдан бастап, тарифтерді барлық медициналық ұйымдар үшін теңестіру саясаты қолға алынады.

Ал, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың мәлімдеуінше, облыстың медициналық ұйымдарын қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда биыл 13,8 пайызға өскен. Еңбекақысы төмен сала қызметкерлеріне жалақысы үшін 1,5 млрд теңге қарастырылды. 1 маусымнан бастап қосымша тағы 3 млрд теңге бөлінген. Тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін қанша қаржы керек? Егер МӘМС жүйесін енгізбесе, бюджет қаржысы денсаулық саласын қаржыландыруға жете ме? Осы тектес сауалдар да аз емес. Иә, ұлт денсаулығын сақтау – мемлекет жауапкершілігі. Денсаулық сақтау саласы да қаржыландыру көзінсіз алға баса алмайды. Мұны МӘМС айқындай түсті.

 Сарапшылардың зерттеуінше, МӘМС толық енгізілген соң емхана, ауруханаларда қызмет көрсету сапасы жақсарып, дәрігерлердің де жауапкершілігі арта түспек. Олай болса, жаңа жүйе еліміздің денсаулық сақтау саласын қаржыландыру деңгейін арттырады деп сенейік.

 

Павлодар облысы