Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың Көлік қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиынына қатысты. Теміржолшыларды кәсіби мерекесімен құттықтаған Үкімет басшысы бір топ сала мамандарына наградалар тапсырды.
Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың Көлік қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиынына қатысты. Теміржолшыларды кәсіби мерекесімен құттықтаған Үкімет басшысы бір топ сала мамандарына наградалар тапсырды.
Мемлекет басшысы қойған тапсырмаларға орай теміржол саласында жүзеге асқан шаралар аз емес. Жалпы, сіздердің салаларыңыз ел кеңістігіндегі экономиканың тұтастығын қамтамасыз етуші инфрақұрылымдық негіз болып табылады, деді С.Ахметов. Сондай-ақ, Премьер-Министр елімізде тәуелсіздік жылдары салынған темір жолдар туралы айтты. Расында осы жылдар аралығында ТМД елдерінің ішінде ең көп темір жол төсеген Қазақстан екені мәлім. Осы күнге дейін тәуелсіз еліміз 2500 шақырым жаңа темір жол желісін тартты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен теміржол қызметін пайдаланушыларды заманауи қозғалыс құрамымен қамтамасыз ету жүктелген. Бұл тапсырма сіздердің тараптарыңыздан табысты орындалып жатыр, деді С.Ахметов.
Теміржол көлігі саласында жаңғырту және индустрияландыру кезеңі өтіп жатқанымен, компанияның капиталы болып білікті мамандар саналады. Сондықтан, мерекелік шара барысында түрлі еңбек озаттары марапатталды.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ 2011-2012 жылдары еліміздің Индустрияландыру көшбасшысы атанды. Жезқазған-Бейнеу, Арқалық-Шұбаркөл теміржол желілерінің құрылысы белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Жыл аяғына дейін екі телімде де басты магистральдық желіні төсеу жұмысын аяқтау көзделуде. 2014 жылдың шілдесіне дейін компания Ақтөбеде рельс шығара бастайды. Ал келесі жылдың аяғына дейін Астанадағы «Gevo» компаниясының алғашқы дизель қозғалтқышы шығарылады. Қазіргі таңда Өскеменде «Шығысмаш зауыты» ірі вагон құймасы кәсіпорнын монтаждау және ішкі құрылысын аяқтады. Бір жыл көлемінде ҚТЖ өзінің ішкі ресурсы есебінен осы өнім түрімен теміржол саласын толығымен қамтитын болады.
Сала мамандарының жауапкершілігі мен біліктілігі, ел алдындағы қызметі Үкімет басшысының назарынан тыс қалмады. Сіздердің еңбектеріңіз Қазақстан Республикасы экономикасының тұрақты дамуының негізі болған, бұдан былай да солай болып қала береді, деп сөзін аяқтады С.Ахметов.
Салтанатты жиынның соңы мерекелік концертке ұласты.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».