Қазақстанның етті тұқымды мал шаруашылығын дамыту мен ет экспортын арттыру кампаниясы бірқатар мүдделі топтың өзара келіспеушілігін туындатып отыр. Асыл тұқымды мал басын импорттау мен шетелге экспорттаушылар арасындағы мүдде қайшылықтары алдағы уақытта осы салаға қатысты үлкен өзгерістерге бастау болуы ықтимал.
Елбасы 2011 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға дейін жеткізуді тапсырғаны есімізде. Сол жылы Ауыл шаруашылығы министрі болып Асылжан Мамытбеков тағайындалған еді. Жаңа министрдің негізгі миссиясы да етті мал шаруашылығын дамыту болған. Ол 2016 жылға дейін ведомствоны басқарған уақытта осы бағытта «Сыбаға», «Береке», «Алтын асық» секілді бірқатар бағдарламалар қабылданды. Қоғам еттің есебін А.Мамытбековтен сұрайтыны содан болса керек.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстаннан шетелге 63,6 мың тонна ет экспортталып, Елбасы тапсырмасы кешігіп болса да орындалып отырған. Ет одағының төрағасы А.Мамытбеков белгіленген межеге кешігіп жетуіміздің себебі ретінде мал басын санағанда көрсеткіш көбейтіліп көрсетілгенін алға тартады. Оның айтуынша, бірер жыл бұрын ірі қара басы 6 млн деп көрсетілгенімен, шын мәнінде көрсеткіш 25 пайызға аз болып шыққан. Мемлекеттен несие алу үшін шаруалардың ірі қара құжаттарын қолдан жасайтыны түсінікті. Мәселен, ет экспортын дамыту үшін берілген несиелер арқылы республика бойынша ет бағытындағы 20 мыңнан астам жаңа шаруа қожалықтары ашылған. Оның басым бөлігі – үй шаруашылықтары немесе қосалқы шаруашылықтар. Яғни, қарапайым ауыл тұрғындарының алған шағын несиелері. Ал бұл шағын несиелердің жоғарыдағыдай мал құжаттарын қолдан жасап, алынған несиенің мақсатсыз пайдаланылуы әбден мүмкін екені белгілі.
Ет шаруашылығының алдына қойылған міндеттеме толығымен орындалып отыр дегенімізбен, бұл межеге жету үшін қай көзден қанша қаражат жұмсалғаны белгісіз. Елдегі кез келген басқа сала секілді, ет шаруашылығы да толығымен үкіметтік қолдауға қарап отыр. Саладағы бизнес қауымдастық салық төлеп бюджетті толтырушы емес, Үкімет қаражатын игеріп, берілген тапсырманы орындаушы болып қана отыр. Сөзімізге дәлел болу үшін соңғы бірнеше жылдағы мына статистикаға көз жүгіртейік. 2014 жылы Қазақстанға шетелден 58,2 млн АҚШ долларына бағаланған тірі мал импортталған. 2015-2016 жылдары көрсеткіш 25,9 және 19,5 млн долларға дейін төмендегенімен, кейін қайтадан 26,2 млн долларға өсіп, 2018 жылы тіпті 53,7 млн долларға жеткен. Соның ішінде мал басы негізінен АҚШ пен Ресейден сатып алынған.
Айта кетерлігі, мал басын асылдандырғысы келетін шаруа тікелей шетелден импорттай алмайды. Арадағы делдал компаниялардың қызметіне жүгіну керек. Шетелден асыл тұқымды мал импорттап берумен айналысатын арнайы компаниялар бар. Бұл компаниялардың қызмет құнының қымбат болғаны былай тұрсын, кей жағдайларда тікелей заң бұзушылықтар да анықталған. Бұл туралы жақында шаруалар елордаға жиналып баспасөз конференциясын өткізгенде билікке шағым түсірген еді. Олардың пікірінше, шетелден асыл тұқымды мал импорттаумен іс жүзінде айналысып отырған жалғыз компания – ресейлік, нақты айтқанда Татарстанда тіркелген «КамАгро» жауапкершілігі шектеулі қоғамдастығы. Осы монополист компания шетелден келетін асыл тұқымды мал басының бағасына да әсер етіп отыр.
Соңғы бірер жылда шетелден импортталатын мал басының көбеюін тиісті министрлік малды асылдандыру деп түсіндіруі мүмкін. Ал дайын ет пен ет өнімдерінің импортының артқанына жауап бере алатын ешкім жоқ. 2014 жылы елге 252,6 млн АҚШ долларының ет және ет өнімдері импортталса, 2015-2016 жылдары көрсеткіш тиісінше 200 және 160 млн долларға төмендегенімен, 2017-2018 жылдары қайтадан 207 және 211 млн долларға көбейіп кеткен. Әрине осы уақыт аралығында экспорт көлемі де 2016 жылғы 18,9 млн доллардан 2017 жылы 20,9 млн долларға, ал 2018 жылы 45 млн долларға көбейген. Дегенмен, 45 млн долларға ет саттық деп кеуде қаққанымызбен, сырттан сатып алған етіміздің одан 5 есе көп болып отырғаны Үкіметте ешкімді толғандырып отырған жоқ. Оның үстіне алдыңғы жылы 53,7 млн долларға тірі мал сатып алып, сыртқа сатқан малдың құны 30 млн долларды құраған. Тірідей де, сойылған күйінде де, ет шаруашылығында да біз әлі импорттаушы ел болып қалып отырмыз. Экспорт пен импорттың арасы бірнеше есе алшақтаған. Енді ет экспортын 63 мың тоннаға жеткізіп тастағанымыздың себебі де түсінікті болар.
Айтпақшы, малды тірідей сату 2018 жылы ғана көбейген. Мәселен, 2014-2017 жылдары шетелге бар болғаны 3-4 млн АҚШ долларының малын тірідей сатқан. Тек 2018 жылы ғана көрсеткіш 30 млн долларға бір-ақ жеткен.
Тағы бір айта кетерлігі, тірідей мал басын шетелге сатуға министрлік тыйым салмақ. А.Мамытбековтың айтуынша, бұл елдегі ет бағасын төмендетпейді. Бар болғаны делдалдардың пайдасын еселеп, бизнестің көлеңкеге кетуіне түрткі болады. Бұл тұрғыда Ет одағы төрағасы сөзінің жаны бар. Қазірдің өзінде отандық ет комбинаттары ұсынып отырған баға Өзбекстаннан анағұрлым қымбат. Яғни, бізде өңделген ет Өзбекстанда өңделген еттен қымбат болады деген сөз. Осыдан-ақ тірі малды сыртқа сатуға тыйым салу идеясының қай жақтан келіп отырғанын анықтауға болады. Ал қымбат баға ұсынып отырған отандық комбинаттардан гөрі оңтүстіктің шаруалары малды Өзбекстанға сатуға неге құштар дейсіз ғой? Өйткені Өзбекстан малдың терісі мен жүнін де сатып алады. Ал бізде бұл сала жоқ. Сондықтан шаруалар үшін Өзбекстан нарығы тиімдірек. Мәселенің бір ұшы елдегі тері мен жүн өңдеудің дамымауында екен.
Қорыта айтқанда, А.Мамытбековтың бастаған кампаниясы ет экспортын 60 мың тоннадан асырғанымен, бұл Қазақстанда ет өндірісі дамыды деген сөз емес. Әрине міндет орындалды. Бірақ бизнес бұрынғы қалпында. Халықтың жеп отырған еті шетелге экспортталып, ішкі нарыққа шетелден әкеліп сатылуда. Еркін сауда қағидасында экспортпен бірге импорттың да көбейгенінде әбестік жоқ шығар, бірақ бұл жердегі мәселе – ауыл шаруашылығының әлі күнге дейін бизнестің бір саласы ретінде қалыптаспауы.