* Қазақстанда 1 қыркүйекте 250 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. Соның ішінде Астана қаласында білім мекені табалдырығынан бірінші рет аттайтын бүлдіршіндер саны 12 мыңға жуықтайды.
*Қызылорда облыстық прокуратурасы жыл басынан бері табиғатқа келтірілген зияны үшін 2 млрд. 666 млн. теңгені мемлекетке қайтарды. Аймақ құқық қорғаушылары бұған 42 тексерудің қорытындысында 46 ұсыныс пен 12 наразылық келтіру арқылы қол жеткізді.
*Павлодар облысындағы Екібастұз қаласында 15 медицина қызметкеріне пәтерлер кілттері тапсырылды. Рәсімге қатысқан облыс әкімі Ерлан Арын қайта қалпына келтірілген қызметтік үйде жалпы 55 пәтер бар екенін айта келіп, қалғандарына мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау саласының мамандары орналасатынын жеткізді.
*Оңтүстік Қазақстан облысында 1 млн. тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жиналды. Бұлардың қатарында көкөніс, картоп және бақша дақылдары бар. Көш басында 140 мың тонналық көрсеткішпен Сарыағаш ауданының диқандары келеді.
*Ақын, жазушы Ақылбек Шаяхмет Қостанай қаласының құрметті азаматы атанды. Ұзақ жылдар бойы өңірдің рухани саласын көтеруге атсалысып келе жатқан азаматты бұл атаққа А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ ректораты мен ғылыми кеңесі ұсынса, оған қалалық мәслихат депутаттары қолдау көрсетті.
*Жыл басынан бері Ақтау қаласында 64,9 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімдері шығарылды. Бұдан басқа, 7 088, 8 млн. теңгенің құрылыс жұмыстары орындалды. Бұл деректерді қала әкімі Еділ Жаңбыршин мәслихатта берген есебінде келтірді.
* Кеше Шығыс Қазақстан облысы Бесқарай ауданындағы Қарамырза ауылында мәдениет үйі ашылды. Бұл көп жылдар бойы қаңырап бос тұрған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, қайта жаңғырту арқылы жүзеге асырылды.
«ҚазАқпарат», «Қазақстан жаңалықтары», Bnews.kz, TengriNews, EgemenNews хабарлары бойынша дайындалды.